Отбасы. 9 страница

Ең жалпы түрде құқық бұзушылық – бұл құқықтық талаптарды бұзатын немесе сақтамайтын тұлғалардың әрекеті. Заңгерлер мынадай анықтама береді: құқық бұзушылық – бұл қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіруші тұлғаның айыпталатын, құқыққа қарсы әрекеті, ол үшін заң алдындағы жауапкершілік басталады.

Құқық бұзушылықтардың себептері қоғамдық өмірдің ауытқушылығы мен адамның өзінің кемеліне келмегендігінде жатыр. Құқық бұзушының психологиялық-физикалық және биологиялық ерекшеліктері туралы айтуға болады. Егер себептерін қоғамнан іздесек, онда олардың экономикалық, саяси, әлеуметтік, өнегелілік жағдайларға бөлінетінін атап өту қажет.

Құқық бұзушылықтардың белгілері:

· құқыққа қарсы мінез-құлық, яғни құқық белгілейтін ережелері бұзатын мінез-құлық. Құқыққа қарсылықтық пен оларды бұзушылық үшін жауапкершілік өлшемін мемлекет белгілейді. Кез келген құқық бұзушылық құқыққа қарсы, бірақ барлық құқыққа қарсы іс-әрекет құқық бұзушылық болып табылмайды. Мысалы, жас балалар мен есі дұрыс емес тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттері құқық бұзушылық болып табылмайды.

· субъектінің кінәлі мінез-құлқы, яғни тұлға құқық бұзушылықты саналы түрде жасауы, өз іс-әрекеттеріне есеп беруі тиіс. Кінәлілік – құқық бұзушының ерікті ниетінің нәтижесі, кінәлі мінез-құлқы. Егер индивидке таңдау еркіндігі жоқ болса, егер ол өз мінез-құлқының құқыққа қарсы екендігін тануға қабілетсіз болса, онда бұл құқық бұзушылық емес, объективті құқыққа қарсы іс-әрекет. Осыған орай, тұлға заң алдындағы жауапкершілікке тартылмайды.

· жеке тұлғаға қоғамға мемлекетке зиян келтіретін мінез-құлық. Құқық бұзушылық қоғамның маңызды құндылықтарына, оның өмір сүру жағдайларына қол сұғады. Егер тұлғаның іс-әрекеті (әрекет немесе әрекетсіздігі) қоғам үшін қауіптілік пен зиян келтірмесе, онда ол құқық бұзушылықтарға жатқызылмауы мүмкін. Іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі түсінігі өзіне екі сәтті: зиянның болуы және оның қоғамдық бағалануын қамтиды.

· әрекеттер немесе әрекетсіздіктер формасындағы мінез-құлық. Ойлар, сезімдер, пиғылдардың құқық бұзушылықтар болуы мүмкін емес, өйткені олар құқықпен реттелмейді. Егер адам белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тиіс болып, бірақ оларды жасамаған (өмір үшін қауіпті жай-күйде болған тұлғаға көмек көрсетпеді; тікелей міндеттерін орындамады және осының нәтижесінде үлкен зиян келтірілді және т.б.) жағдайдағы әрекетсіздік құқық бұзушылық болып табылады.

· жазаланатындық, яғни мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шараларын қолдану мүмкіндігі.

Құқық бұзушылықтардың түрлері. Құқық бұзушылықтар әлеуметтік қауіптілік, зияндылығы дәрежесіне қарай қылмыстарға және теріс қылықтарға бөлінеді. Қылмыстар қоғамға қауіптілігінің (зияндығының) барынша жоғары дәрежесімен ерекшеленеді. Олар қол сұғушылықтардан қылмыстық, заңнамамен қорғалатын қоғамның неғұрлым мәнді, елеулі мүддүлеріне қол сұғады. Заң қылмыс үшін жазалаудың неғұрлым қатаң шараларын белгілейді.

Қылмыстың барлық формальды белгілері бар, қоғамдық қауіптілігі жоқ, мәнділігі төмен іс-әрекет қылмыс болып табылмайды. Мысалы, ұсақ ұрлық жасау.

Қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілген. Қылмыстар төрт топқа: жеңіл дәрежелі қылмыстарға, орта дәрежелі қылмыстарға, ауыр және аса ауыр қылмыстарға бөлінеді.

· Жеңіл дәрежелі қылмыстарға қасақана іс-әрекеттер жатады, оларды жасағандар үшін ең жоғары жаза бас еркінен айыру екі жылдан аспайды, сондай-ақ абайсыз іс-әрекеттер жатады, оларды жасағандар үшін ең жоғары жаза бес жыл бас еркінен айырудан аспайды.

· Орта дәрежелі қылмыстар болып қасақана іс-әрекеттер, оларды жасағандар үшін ең жоғары жаза бес жыл бас еркінен айырудан аспайды, сондай-ақ абайсыз іс-әрекеттер танылады, олар үшін бес жылдан көп мерзімге еркінен айыру түріндегі жаза қарастырылған.

· Қасақана іс-әрекеттер ауыр қылмыстар болып танылады, оларды жасағандар үшін ең жоғары жаза он екі жыл бас бостандығынан айырудан аспайды.

· Аса ауыр қылмыстарға заң қасақана іс-әрекеттерді жатқызады, оларды жасағандар үшін ең жоғары жаза жиырма бес жыл мерзімге еркінен айыру немесе өлім жазасы түріндегі жаза көзделген.

Жазаның нақты мөлшері қандай да бір қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін бейнелейді. Қылмыстарды жіктеудің қосымша өлшемі айыптың формасы болып табылады. Сондықтан жеңіл және орта дәрежелі қылмыстардың қасақана, сондай-ақ абайсыз қылмыстар болуы мүмкін. Ауыр және аса ауыр қылмыстар тек қасақана түрде жасалуы мүмкін. Қылмыс санаттары жаза мөлшерін белгілеуге, мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға, жазасын өтеуден шартты-мерзімінен бұрын босату, сотталғандығын өтеу мен алып тастау ережелеріне ықпал етеді.

Қылмыстың басқа құқық бұзушылықтардан айырмашылығы. Қылмыс құқық бұзушылықтардың түр өзгерісі болып табылады. Алайда қылмыс олардан үш негізгі белгісі бойынша ерекшеленеді.

1. Объект бойынша. Қылмыстардың объектісі әкімшілік, азаматтық және тәртіптік құқық бұзушылықтар объектілеріне қарағанда кеңірек. Қылмыс объектісіне оларға қол сұғушылық олардың ерекше құндылығына байланысты тек қана қылмыстық заңмен реттелуі мүмкін әлеуметтік мүдделер кіреді.

2. Қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі бойынша. Қылмыстар әрқашанда қоғамға қауіптілігімен ерекшеленеді.

3. Құқыққа қарсылығы бойынша. Қылмыстық заң қылмыстарға әрқашан тыйым салады. Қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық жазалау және одан кейінгі сотталғандық болады. Әкімшілік, тәртіптік, азаматтық-құқықтық санкциялар сотталғандыққа әкеп соқпайды. Моральдық және қылмыстық жауапкершілік бірлікте болады, өйткені барлық қылмыстар әдепсіздік болып табылады.

Теріс қылықтар – бұл әлеуметтік зияндылығы мен қоғамға қауіптілігінің төменгі дәрежесімен ерекшеленетін құқық бұзушылықтар, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында жасалады, қол сұғушылықтың әртүрлі объектілері мен заңдық салдарлары болады. Қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау үшін мынадай критерийлер пайдаланылады: қол сұғушылық объектісіне айналған қоғамдық қатынастардың мәнділігі; келтірілген залалдың мөлшері; құқыққа қарсы іс-әрекеттің тәсілі, уақыты мен жасалған жері; құқық бұзушының жеке тұлғасы.

Теріс қылықтар мынадай түрлерімен ерекшеленеді:

1. Азаматтық-құқықтық бұзушылықтар немесе деликтілер. Бұл заңсыз іс-әрекеттермен жеке тұлғаға немесе азаматтың мүлкіне зиян келтіру. Басқаша сөздермен бұл мүліктік және бірқатар жеке мүліктік емес қатынастарды бұзушылық, шарттық мінддетемелерді бұзушылық болып табылады деуге болады.

2. Әкімшілік құқық бұзушылықтар. Бұл теріс қылықтар заңмен белгіленген қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқарушылық-өкімдік қызмет саласындағы қатынастарға қол сұғады.

3. Тәртіптік құқық бұзушылықтар. Бұл – еңбек, әскери, оқу және қызметтік тәртіпті бұзушылықтар. Бұл бұзушылықтар кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар қызметінің ішкі тәртіптемесіне қол сұғады.

Құқық бұзушылықтың заңдық құрамы. Құқық бұзушылықтың заңдық құрамы – бұл заң алдындағы жауапкершілікке тарту үшін қажетті құқық бұзушылық белгілерінің жүйесі.

Заң ғылымында құқық бұзушылықтың мынадай элементтері бөліп көрсетіледі:

1. Құқық бұзушылық субъектісі – айыпты, құқыққа қарсы іс-әрекет жасаушы тұлға. Деликт – қабілеттілігіне ие, яғни белгілі бір белгілерге ие тұлға субъект болып танылады. Оларға заңмен белгіленген жас пен ақыл-есі дұрыстық жатады. Заңмен белгіленген жас әртүрлі: 14, 16, 18 жас. Қылмыс жасау кезінде өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіптілігін және іс жүзіндегі сипатын сезінген және ол іс-әрекеттерге басшылық жасаған тұлға ақыл-есі дұрыс болып танылады.

Қылмысты жасау кезінде өз әрекеттерінің (әрекетсіздіктерінің) қоғамға қауіптілігі мен іс жүзіндегі сипатын немесе әрекеттерге созылмалы психикалық аурудың, уақытша психикалық күйзелістің, ақылы кемдіктің немесе психиканың өзге де аурушаң жай-күйінің салдарынан басқаруын сезіне алмаған тұлға ақыл-есі дұрыс емес тұлға болып танылады. Ақыл-есі дұрыс емес тұлғалар қылмыс субъектісі болып табылмайды және сондықтан да қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

2. Құқық бұзушылық объектісі – бұл оған құқық бұзушылық қол сұғатын нәрсе. Құқық бұзушылықтың жалпы объектісі қоғамдық қатынастар болып табылады. Түрлік объектілер өмір, ар-намыс, денсаулық, меншік, мүдделер және басқалар. мысалы, талан-тараждың объектісі – меншік, сотқарлықтың объектісі – қоғамдық тәртіп, жала жабу мен жәбірлеудікі – азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиеті.

3. Құқық бұзушылықтың объективті жағы – бұл құқыққа қарсы іс-әрекеттің сыртқы көрінісі: іс-әрекеттің өзі, бұл әрекетті жасау тәсілдері, зиянды салдарлары немесе нәтижесі, жасалған әрекет пен басталған жағымсыз салдарлардың арасындағы адамның еркі мен санасының бақылауында болатын және әрекетсіздікпен немесе әрекеттілікпен білдірілетін мінез-құлық. Адамның оның еркіне қарсы күшпен мәжбүрлеу әсерімен жасалған іс-әрекет құқық бұзушылық болып табылмайды. Зиян – мүліктік, мүліктік емес, ұйымдық, жеке және өзге де сипаттағы қолайсыз салдарлар. Объективтік жаққа сондай-ақ құқық бұзушылықтың орны мен уақыты да енеді.

4. Құқық бұзушылықтың субъективті жағы – бұл тұлғаның іс-әрекеті мен оның салдарларына деген субъективті көзқарасын сипаттайтын белгілерінің жиынтығы. Бұл жерде басты категория ретінде кінә, уәж және мақсат бой көрсетеді. Кінә – бұл құқық бұзушының құқыққа қарсы өз мінез-құлқына деген психикалық көзқарасы.

Қызықты мәліметтер. Ежелгі заманда бұзушының кінәсін дәлелдеу үшін халықтық тәсілдер пайдаланылған. Бұл ретте бұзушының әшкере болудың алдындағы қорқынышы мен саналылық сезіміне сүйеніш жасалды. «Ұрының арты қуыс» («На воре шапка горит») мәтелін еске түсірейік. Бір шаруа ақшасын ұрлатып алды. Деревня жиналысы шақырылды. «Кім кінәлі?» деген сұрақ қойылды. Ешкім де мойындамады. Кенет қатысып тұрғандардың біреуі: «Міне, ұрының бас киімі жанып жатыр!» деп айқай салды. Ұры қорыққанынан бас киіміне жармасып, өзін осылай ұстап берді.

Африкада да осыған ұқсас нақыл оқиға бар. Бір шалдың дүние-мүлкі ұрланды. Ол өз найзасын алып, бұл оқиғаны талқылап жатқан тайпаластарының тобына келді. Оған бірнеше қадам жетпейтін жерде шал қаруын көтеріп: «Найза, ұрыны өлтір!» деп айқай салды. Сол кезде кінәлі адам қаша жөнелді. «Ұрлықты қорқыныш ұстап береді».

 

Кінәнің екі формасы бар: қасақана және абайсыздық. Қасақана кінә құқық бұзушы тұлға өз мінез-құлқының қоғамдық зиянды салдарларының басталуын қалаған және алдын ала көре білген жерде (мысалы, ұрлық жасау, әкімшілік өкімдеріне бағынбау т.б.) орын алады. Абайсыздықтың екі түрі болады: тұлға өз мінез-құлқының қоғамдық зиянды салдарларын алдын ала көретін, бірақ олардан құтылу мүмкіндігіне негізсіз үміттенетін кездегі өзіне-өзі үміттенушілік (мысалы, жүргізуші жолға техникалық ақаулы машинамен шығатын және егер авария бола қалса өзіне-өзі үміттену формасындағы кінә айқын көрінеді); ұқыпсыздық – тұлға өз мінез-құлқының қоғамға зиянды салдарларын алдын ала көре алмаған, алайда оларды алдын ала көре білетін және көре білуге тиіс кезде (мысалы, егер жүргізуші жолға шығар алдында машинаның техникалық жай-күйін тексерген жоқ және одан кейін авария жасады).

Уәж – құқық бұзушылыққа іштей дайындалу.

Мақсат – құқыққа қарсы әрекет жасай отырып, құқық бұзушы ұмтылатын соңғы нәтиже.

Осылайша, құқық бұзушылықтар – бұл жеке тұлғаға, қоғам мен мемлекетке зиян келтіретін құқыққа қарсы айыпты іс-әрекеттер жасалған құқық бұзушылықтар үшін заң алдындағы жауапкершілік белгіленеді. Келесі параграфта біз заң алдындағы жауапкершілік түсінігі мен түрлерін қарастырамыз.

 

ЗАҢДЫ ЖАУАПТЫЛЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ МЕН ТҮРЛЕРІ

Заңды жауаптылықтың түсінігі. Құқық бұзушылық жасалған жағдайда мемлекет пен құқық бұзушылар арасындағы ерекше байланыс түрінде заң жауапкершілігі туындайды. Осының нәтижесінде құқық бұзушыға белгілі бір жазалау шаралары қолданады.

Заңды жауаптылық – бұл күрделі категория. Оның ерекшеліктерін ашып көрсету үшін әртүрлі анықтамаларға жүгіну қажет.

· Заңды жауаптылық дегеніміз жеке, ұйымдық немесе мүліктік сипаттағы айырулар формасында білдіретін мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.

· Заңды жауаптылық – бұл өзіндік ерекшелігі бар заң алдынағы міндет.

· Заңды жауаптылық құқықтық нормалар санкцияларын жүзеге асыру.

· Заңды жауаптылық дегеніміз – бұзылған құқықтарды қалыпна келтіру тәсілі.

· Заңды жауаптылық – бұл құзіретті мемлекеттік органдар мен құқық бұзушының арасындағы байланыс. Бұл байланыстың нәтижесінде құқықты бұзушы үшін істеген іс-әрекет үшін қолайсыз салдарлары туындайды.

· Заңды жауаптылық дегеніміз – болашақта құқықты бұзушылықтардан сақтандыру құралы.

Осы анықтамаларды талқылаңдар. Мұнда заң алдындағы жауапкершіліктің қандай белгілері бөліп көрсетілген?

Заңды жауаптылық – бұл құқық бұзушылық жасалған жағдайда тұлғаның мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына ұшырау қажеттігі. Нәтижесінде тұлға үшін қолайсыз салдарлар басталады, оған жазалау шаралары қолданылады. Жазалаудың барлық түрлері заңдарда көрсетілген.

Заңды жауаптылық белгілері:

· мемлекетпен құқықтық ұйғарымдар түрінде белгіленеді;

· құқықтық норма санкцияларын іске асыру ретінде әрекет етеді;

· мемлекеттік мәжбүрлеуге негізделген;

· құқық бұзушылықтар жасалу нәтижесінде ғана туындайды;

· құқық бұзушылықты жасаған тұлға үшін жағымсыз салдарлары болады;

· міндеттер жүктемелумен байланысты;

· іс жүргізу формасында жүзеге асырылады;

· құзіретті мемлекеттік органдармен қолданылады.

 

Заңды жауаптылықтың түрлері. Қоғам өмірі саналуан, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ететін көптеген заңдар, құқықтық нормалар, мемлекеттік органдар бар. Заң алдындағы жауапкершіліктің бірқатар түрлері бар. Жазалаудың барлық түрлері арнаулы кодекстерде, ережелерде, жарғыларда бекітілген.

Бұл қылмыстық кодекс, Азаматтық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының Тәртіптік жарғысы, Жолда жүру Ережелері және басқалары. Заң алдындағы жауапкершілік түрі құқықтың қандай нормаларының бұзылғанына, қандай зиян келтірілгеніне, сондай-ақ құқыққа қарсы іс-әрекеттердің нәтижесіне қарай белгіленеді.

Мынадай іс-әрекеттерді салыстырыңдар: ұрлық – бөтеннің мүлкін жасырын иемдену, тонау – бөтеннің мүлкін ашық иемдену, қарақшылық – өмір немесе денсаулық үшін қауіпті күш қолданумен немесе сондай күш қолдану қаупін төндірумен бөтеннің мүлкін иелену мақсатымен жасалған шабуыл.

Бұл әрекеттердің айырмашылықтарын бөліп көрсетіңдер. Талан-тараж – қылмыстың ең ауыр түрі болып есептелетінінің себебі неде және неліктен талан-тараж үшін ең ауыр жаза қолданылады? деген сұраққа жауап беріңдер. Ұсақ ұрлық, қарақшылық пен тонау жасаған тұлға заң алдындағы жауапкершіліктің қандай түріне тартылады?

 

Құқық салаларына қарай заңды жауаптылық мынадай түрлері бөліп көрсетіледі:

· Әкімшілік. 16 жастан басталады. Негіздемесі – әкімшілік құқық бұзушылық жасау. Жазалау түрлері – арнаулы құқықтардан (жүргізушілік, аңшылық және басқа) айыру, айыппұл, әкімшілік тұтқындау және басқалар;

· Азаматтық. 14 жастан басталады. Негіздемесі – шарттық міндеттемелерді бұзушылық. Жазалау түрі – шығындарды өтеу, айыппұлдар және басқалар;

· Қылмыстық. 14 жастан басталады. Қылмыс жасаудың нәтижесінде ғана қолданылады. Жазалау түрлері – бостандықтарды шектеу, еркінен айыру, айыппұл, өлім жазасы;

· Материалдық. 16 жастан басталады. Кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға зиян немесе залал келтірілген кезде туындайды. Жазалау түрі – келтірілген зиянды толық көлемінде өтеу міндетті;

· Тәртіптік. 16 жастан басталады. Әскери, еңбек, оқу тәртіптемесі немесе тәртіпті бұзушылық нәтижесінде туындайды. Жазалау түрлері – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату және басқалар.

Заңды жауаптылыққа тартуға және жазалау шаралар қолдану құқығына ие әртүрлі мемлекеттік органдар бар. Бұл – соттар, басқарудың мемлекеттік органдары (өрт сөндіру, ветеринарлық бақылау органдары, жол полициясы органдары, жергілікті әкімдіктер), басқа құрылымдар (еңбек ұжымдарының әкімшіліктері).

Заңды жауаптылық қандай мақсатпен қолданылады? Заң алдындағы жауапкершілік тек жазалау мақсатымен ғана қолданылады деуге бола ма? Олай деп ойламаймыз.

Заңды жауаптылықтың негізгі мақсаты субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қорғау болып табылады.

Бұл құқықтық аспап құқық субъектілерінің мүдделерін әлеуметтік байланыстардың әділетті ретке келтірілуіне көздейді. Мақсаты – осы құқықтық құралдың көмегімен қол жеткізілетін нәтижелер.

Заңды жауаптылықтың мақсаты қызметтерінен көрініс табады. Мынадай заңды жауаптылықтың қызметтерінен тоқталайық.

Айыппұлдық фукнция – мемлекеттің құқық бұзушылыққа қарсы жазалаушылық әрекеті. Кінәлі тұлғаны жазалаудан көрінеді. Бұл ретте тұлғаның құқықтары шектеледі немесе мүліктік игіліктерден айырылады. Осылайша, тұлға үшін қолайсыз салдарлар туындайды.

Құқықты қалпына келтіру функциясы – айыптыдан келтірілген зиян өндіріледі, ол шығындарды өтеуі, залалдың орнын толтыруы тиіс.

Тәрбиелік функция. Субъектілерде құқыққа лайық мінез-құлық уәждерін қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсаты – құқық бұзушылықтардан сақтандыру. Бұл функциялар заң алдындағы жауапкершілік мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдеседі.

Осы фукнцияларды талқылаңдар. Қайсысы тиімді – жаслаған құқық бұзушылықтармен күресу ме, әлде құқық бұзушылықтан сақтандыру ма? Демократиялық қоғамда заң алдындағы жауапкершіліктің қандай мақсаты басты мақсат болуы тиіс екендігі туралы пікірталас өткізіңдер.

Заңды жауапкершілік – бұл құқық бұзушылық жасаған тұлғаға мәжбүрлеу шараларын қолдану. Бұл шараларды қолдану белгілі бір талаптарға – заңды жауаптылықтың принциптеріне сәйкес келуі тиіс.