VІІ ЛЕКЦИЯ-ТЕЗИС 6 страница

Демек, 360 періште бір қарағанда көп болып көрінгенімен, олардың әрқайсысының күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде әлгіндей түрлі міндеттері бар[6].

9. Жәннәт пен жәһәннамды бақылаушы періштелер: Жәннәт пен жәһәннамда арнайы бақылаушы періштелер болады. Жәннәт періштелерінің саны да өте көп. Олар жәннәтқа кірген муминдерге қызмет етеді және олармен бірге болады. Жәннәт нәсіп болған мүминдерге аятта: «Сабыр еткендерің үшін Аллаһтың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы» (13.Рағыд-24) – дейді. Зумәр сүресінде де: «Оларға оның сақшылары: Сендерге сәлем, қош келдіңдер, жәннәтқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер дейді» (39.Зумәр-73) деген айқын, сүйіншіге бергісіз мағлұматтар бар. Жәннәттағы періштелердің басшысын - Ридуандеп атайды.

Ал, жәһәннамдағы зәбани періштелер кәпірлерді азаптау қызметімен айналысады. Олардың арасындағы басшыларын Малик деп атайды. Құранда жәһәннам періштелерінің қызметтері жайлы аяттар жеткілікті: «Әй, муминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер ірі денелі, қатал. Олар Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырса, соны орындайды» (66.Тахрим – 6).

Жәһәннам періштелері тозаққа кірген кәпірді сұрақтың астына алатыны Құран Кәрімде былайша баян етіледі: «Қарсы келгендер топ-топ тозаққа айдалады. Сондай-ақ оған барғандарында, оның есіктері ашылады. Оларға оның күзетшілері: Сендерге іштеріңнен өздеріңе Раббыларыңның аяттарын оқитын және бұл күнге жолығатындарыңды ескертетін елшілер келмеді ме? - дейді. Олар: Әрине келді. Бірақ азап үкімі қарсы болушыларға шындыққа айналды дейді» (39.Зумәр – 71).

10. Муқаррабун - Аллаһ Тағалаға ең жақын, әрі ең ұлық періштелердің есімі. Олар жайында аят былай дейді: «Иса да, Аллаһқа жақын періштелер де Аллаһқа құл болудан әсте арланбайды» (4.Ниса – 172).

11. Адамның жүрегіне ақиқат пен шындықты толтырып, кейін өзіне аян беретін періштелердің бар екендігін Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде айтып өтеді: «Адам баласына әрі шайтанның азғыруы, әрі періштенің аяны бар. Шайтанның азғыруы жамандықпен қорқытып, шындықты өтірік ету. Періштенің аяны жақсылықты өсиет ету мен шындықты растау. Ішкі дүниесінде осындай бір нәрсе сезген кісі, оның Аллаһтан екендігін білсін. Егер керісінше болса, шайтаннан сақтану үшін Аллаһқа сиынсын» (Тирмизи, Тәфсир – 3, 2988 х.).

12. Муминдер үшін дұға ететін періштелер бар. Аятта: «Сондай-ақ иман келтіргендер үшін (періштелер): «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сидырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!», - деп тілейді» (40.Ғафыр-7).

13. Намаз оқыған кезде «Фатиха» сүресін тәмәмдаған соң «әмин» деп айтатын арнайы періштелер бар. Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Имам әмин деген кезде, сізде әмин деңіз. Өйткені кімнің әмин деуі періштелердің әмин деуіне сәйкес келетін болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Азан-111; Муслим, Салат-72; Тирмизи, Салат-71) дегені де бұған бірден‑бір дәлел бола алады.

14. Кейбір періштелер таң намазы мен екінді намазын муминдермен бірге оқиды.

15. Мумин ғалымдар үшін арнайы дұға ететін періштелер бар. Әбу Умамә әл-Баһилиден жеткен риуаят бойынша Пайғамбарымыз қарапайым пенде мен ғалым кісінің парқы жайында: «Ғалым адамның өзге құлдан артықшылығы Менің сендерден ең төмен болғандарыңнан артықтығым сияқты». (Тирмизи; Илим бөлімі – 19, 2685 хадис) деген.

4. Адамдар мен періштелерді дәреже тұрғысынан салыстыру жайында

Адамдар періштелер секілді нұрдан жаратылмаған, қанаттары да жоқ, әрі олар секілді алапат күш пен жылдамдық иесі де емес. Мәселе солай бола тұра, адамдар дәреже тұрғысынан салыстырғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары.

1. Адамдар арасынан шыққан пайғамбарлардың дәрежесі періштелердің пайғамбарларынан жоғары. Аллаһ Тағала адамдар арасынан пайғамбар шығарғаны секілді, періштелер арасынан да пайғамбарлар сайлаған: «Аллаһ періштелерден де, адамдардан да елшілер белгіледі. Шәксіз Аллаһ әр нәрсені аса естуші, тым көруші» (22.Хаж-75). Ислами тақырыптағы еңбектердегі деректерге жүгінсек, ғұламаларымыз төрт үлкен періштені өзге періштелердің пайғамбарлары деп бөліп қарастырады. Мұнымен қатар, Аллаһ Тағала адамдарға «Халифа» ұғымын қолданып, (қараңыз: 2.Бақара-30) періштелерден жоғары екендігін айқын білдіреді.

2. Аллаһ Тағала Адам атаны жаратқан соң бүкіл періште атаулыға оған сәжде етулерін бұйырды және күллі періште Адамға сәжде етті (2.Бақара-34). Әлбетте, бұл да адам баласының періштелерге қарағанда дәрежесінің әлдеқайда жоғары екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Егер періште адамнан жоғары болғанда адамға әсте сәжде етпеген болар еді. Ал дәрежесі төменнің дәрежесі үлкенге тағзым ететіндігі бесенеден белгілі жайт.

3. Адам ата Аллаһ Тағаланың өзіне берген қабілет‑қарымы мен зеректігінің арқасында періштелерге қарағанда көп нәрсенің ақиқатына молынан қанық болатын. Себебі, Аллаһ Тағала заттардың атауын періштелерден сұрағанда олар атай алмай, Адам атаның айтып беретіні белгілі (қараңыз: 2.Бақара-31-33). Бұл да білгенмен, білмегеннің бір деңгейде емес екендігін аңғартады.

4. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Аллаһ Тағала мен Оның пайғамбарлары арасында елшілік қызметті атқарған. Елшілікке барған кісінің өзі баратын кісіден дәрежесі жоғары болмасы белгілі. Олай болса, мұнда да пайғамбарлар, дәреже тұрғысынан алғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары болып тұр деген сөз.

5. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Миғраж түні Хазіреті Пайғамбарымызды көкке алып шығады да, Сидрәтул-мунтаха деген жерге келгенде Пайғамбарымызға: «Мен мына жерден ары өте алмаймын. Егер бір қадам аттасам, күл болып кетемін. Ары қарай өзің барасың», - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса одан ары өзі көтеріліп, Аллаһ Тағаламен перде арқылы дидарласады. Адамның көтерілген жеріне періштенің жете алмауы да, соңғысының дәрежесінің төмен екендігінің бірден‑бір айғағы.

6. Ұлық періштелердің пайғамбар емес қарапайым қатардағы пенделерден дәрежесі жоғары болмақ.

7. Тақуалар мен шейіттер, ізгі амал істеуші пенделер жай қатардағы періштелерден дәреже тұрғысынан жоғары тұрады.

8. Ал сол қатардағы жай періштелердің дәрежесі – адамдар арасындағы күнәһар, кәпір, мунафиқ, фасық секілді пенделердің дәрежесінен әлдеқайда жоғары болары сөзсіз.

9. Періште Жаратушыны көріп иман еткен болса, адам Аллаһ Тағаланы көрмей иман етті. Иманның ең жоғарғысы - ғайыпқа, яғни көзге көрінбейтін нәрсеге сену. Олай болса, адам имани дәреже тұрғысынан да періштеден жоғары екендігі шүбесіз.

 

5. Жындар әлемі

Жын сөзі - араб тіліндегі «жапты», «жасырды», «қалқалады» деген мағынаға келетін «жәннә» сөзінен шыққан. Жындар сезім мүшемізбен сезілмейтін, көзге көрінбейтін тіршілік иелері.

«Жын» сөзі негізінен «инсан» (адам) сөзіне антоним ретінде қолданылып, сезім мүшелерімізбен байқауға келмейтін рухани әлем иелеріне берілген есім. Сондықтан да бұл ұғым періште, шайтан мен жындардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Бірақ, әрбір періште көзге көрінбейтін жалпы (жинни) жын атауының мағыналық ұғымына кіргенімен әрбір жын періште емес. Аталмыш үш әлемнің (періште, жын, шайтан) әр қайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, әрдайым Аллаһ Тағаланың әмірімен қайырлы, оң істердің басында періштелер тұратын болса, шайтан – пендені тек алдап‑арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады. Ал, жындарда осы екі рухани әлемнің де қасиеттері бар. Олардың мұсылмандары да кәпірлері де болады. Асылында, біздің ұғымымыздағы дию, пері деген атаулар парсы тіліндегі «жын» сөзінің баламасы. Сондықтан жын, дию, пері деген сөздер көбіне бір мағынада қолданыла беретіндегін айта кеткен орынды.

Жындар біздің сезім мүшелерімізге беймәлім болғандықтан, олардың болмысын – қисындық яки ғылыми тұрғыдан тәптіштеп түсіндіруге келмейді. Десек те, негізгі салмақты дәлелдер мен нақты мәліметтерді Құран аяттары мен сахих хадистерден аламыз. Ал, аят пен хадис олардың нақты бар екендігін растайды. Қала берді Құран Кәрімде өз алдына «Жын» сүресінің бар екендігі баршамызға мәлім.

Бірінші бөлімде айтып өткеніміздей адам Аллаһ Тағалаға құлшылық ету үшін жаратылғаны сияқты, періштелер де Аллаһқа қызмет ету, әрі Жаратушыны мадақтап, дәріптеу үшін жаратылған. Ал енді жындардың жаратылыстағы мақсаты қандай болмақ? Бұған жауапты Зәрият сүресінің 56-аятынан табамыз: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық ету үшін ғана жараттым». Олай болса жындар да адамдар секілді жәннәт пен жәһәннамға баратындығы анық. Бұған дәлел ретінде мына аятты келтіруге болады: «Сендерден бұрынғы өткен тозақтағы жын және адамдар тобының ішіне кіріңдер дейді» (7.Ағраф-38).

Адам мен жындардың жаратылу мақсатына сай Аллаһ Тағала оларға құлшылық заңдылықтарын жеткізетін пайғамбар жібереді. Адамзатқа 124 мың пайғамбар келгендігі бәрімізге аян. Ал «жындарға пайғамбар келген бе» дейтін болсақ, оларға да пайғамбар жіберілгеніне көз жеткіземіз[7]. Мұның айғағы төмендегі аят:

«Әй, жын мен адамдар тобы! Сендерге іштеріңнен аяттарымызды баян етіп, бұл күнге кездесулеріңді ескертетін елшілер келмеді ме?, - делінеді. Олар: Раббымыз! Өзімізге куәміз, дейді. Оларды дүние тіршілігі алдаған. Олар өздерінің анық қарсы болғандықтарына айғақ болады» (6.Әнғам-130).

Мәселе осылай бола тұра, бірқатар ғалымдар жындар әлеміне пайғамбар келмеген деген тұжырымды ұстанады[8]. Бұл мәселеге арнайы жауап беруге тура келеді. Біріншіден, жындар арасынан пайғамбар келмеген болса, олар Жаратушыға қалай құлшылық етпек? Екіншіден, Аллаһ Тағала жындарды да тек Өзіне ғана құлшылық ету үшін жаратпап па еді? Үшіншіден, Исра сүресінің 15-аятында: «Пайғамбар жіберместен біз ешкімді жазаламаймыз» делінген. Сонда жындарға тура жолды көрсетуші өз араларынан елші келмесе, Пайғамбарымызға дейін келіп кеткен жындар ақыретте жазаға ұшырамайды деген ұғым шығады. Бұлай дейін десек, «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7.Ағраф-179) аяты жындардың да тозаққа баратындығынан хабар беріп тұр. Осы аяттарды негіз етіп ала отырып, жындардың да арасынан елші келгендігі жөнінде айта аламыз.

Ал енді жындардың өзіндік болмысы мен кейбір табиғи ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

1) «Мен жындар мен адамдарды тек қана өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» (51.Зарият-56). «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7.Ағраф-179).

Осы екі аяттың мағынасынан (ең бастысы бастауыш сөздердің орналасу реттілігінен) жындардың адам жаратылмастан бұрын жаратылғандығы тұрғысында тұжырым шығаруға болады. Егер мәселе керісінше болғанда, жоғарыдағы екі аятта да «жындар мен адамдар» тіркесінің реттілігі «адамдар мен жындар» болып орналасқан болар еді. Демек, бұдан шығатын қорытынды – жындар адам баласынан бұрын жаратылған. Тіпті, жындар Адам ата жаратылмастан екі мың жыл бұрын жаратылған деген нақтылы пікірлер де жоқ емес [9].

2) Адам топырақтан, періште нұрдан жаратылса, жындар оттан жаратылған: «Жындарды оттың жалынынан жаратты» (55.Рахман-15). «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (15.Хижр, 26-27). Ал енді бұл жерден: «Жындар оттан жаратылған болса, тозақ оты оларды қалай жағады?» деген қисынды сауал туындайды. Асылында, Аллаһ Тағала оларды әу баста оттан жаратқанымен, олар от халіндегі мақлұқтар емес. Мысалы, адам баласы топырақтан жаратылғанымен тәні топырақ емес қой. Сол секілді жындардың да тозақтың отына жануының өз ерекшеліктері бар. Аллаһ Тағала барлық нәрсенің жүйесін әу бастан реттеп, тағдырға жазып қойғандықтан бұл мәселеде ешқандай екіұшты яки түсініксіз жайтқа орын жоқ.

3) Жындар да адамдар секілді ішіп-жейді, үйленеді, көбейеді, ер-әйел болып бөлінеді және өледі. Олардың өмір сүру ұзақтығы өз уақыттары бойынша, 60-70 жылдай болады. Бірақ, олардың жылдық өлшемдерін біздің уақыт өлшемімізге шаққанда шамамен мың жылға жақын, яғни бір жынның өмір сүру мерзімі осынша уақытқа тең деп түсінеміз[10].

4) Жындар да адамдар секілді мұсылман, кәпір, жақсы, жаман болып бөлінеді. Аятта бұл жайында былай дейді: «Расында жақсыларымыз да одан төмендеріміз де бар, түрлі жолдарда едік. Шынында жер жүзінде Аллаһты еш жеңе алмайтындығымызды, қашып құтыла алмайтындығымызды аңғардық.... Біздің арамызда мұсылмандар да, туралықтан адасқандар да бар. Сонда кім мұсылман болса, ал міне солар туралықты іздейді» (72.Жын, 11, 12, 14).

Жындардың муминдері адамдардың муминдерімен бірге жәннәтқа, кәпірлері кәпірлермен бірге тозаққа кіреді.

5) Жындар да адамдар секілді есту, ойлау және сөйлеу қабілетіне ие: «Мұхаммед оларға: «Жындардан бір тобының Құран тыңдағаны маған уахи етілді, - деп айт. Сонда жындар: «Шынында бір ғажайып Құран тыңдадық, - деді. Құран бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік. Раббымызға ешбіреуді ортақ қоспаймыз» (72.Жын, 1-2). Сонымен қатар Сүлейменнің (а.с.) Иемендегі Бәлқис ханшаның тағын жындарға әкелдірмек болып, олармен сөйлескендігін де жындардың сөйлей алатындығына қатысты мысал ретінде айтуға болады (қараңыз: 27.Нәмл – 39).

6) Жындардың түрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алатын қасиеті бар. Сонымен қоса олар аса ауыр істерді де істеуге қабілетті. Аллаһ Тағала жындарды Сүлеймен пайғамбардың құзырына бергенде[11], Сүлеймен пайғамбар оларды түрлі ауыр жұмыстарға жеккен болатын. Құран Кәрімде бұл мәселе жөнінде: «Олар Сүлейменнің қалауынша құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандар жасайтын еді» (34.Сәбә-13) деген жолдар бар.

Бірде, Сүлеймен (а.с.) пайғамбар Иемендегі Сәбә патшасының ханшасы Бәлқистың тағын Иерусалимге әкелуге ниеттенеді. Себебі, Бәлқис ханша Сүлеймен пайғамбардың хақ пайғамбар екендігін мойындап, оның еліне келмек болады. Міне, осыған орай Сүлейменге (а.с.) ханшаны таңдандыру қажеттілігі туып, жындарға: «Тақты кім әкеледі», - деп сұрағанда, жындардың бірі Ифрит: «Оны орныңнан тұрмастан бұрын келтіремін», - деді. Кітап ғылымына ие келесі бірі: «Оны кірпік қаққанша әкелемін», - деді. Сүлеймен сол сәтте жанына әкеліп қойылған ханшаның тағын көріп: «Бұл Раббымның кеңшілігі», - деді» (27.Нәмл – 40). Иә, Иемен мен Құдыстың арасы екі не үш мың шақырымдай қашықтық екенін ескерсек, жындардың қаншалықты дәрежеде күш иесі, әрі жылдам екендігін пайымдау аса қиын болмас.

7) Жындардың ғайыппен байланысты ілімі жоқ. Олар тек Аллаһтың өздеріне берген рұқсат мөлшерінде ғана адамдарға беймәлім кейбір мәселелерді біліп, көре алады. Періштеге иман мәселесінде олардың ғайыпты біле алмайтындығын айтқан болатынбыз. Сол секілді жындар да ғайыпты біле алмайды. Пікірімізді бекіте түсу үшін айта кетейік, егер жындар ғайыпты, көзге көрінбейтін нәрселерді білетін болса, Сүлейменнің (а.с.) аса таяғына сүйеніп тұрып қайтыс болғанын білер еді. Ал олар болса, керісінше, аса таяқты құрт жеп, әбден шіріп, сынып, Сүлеймен пайғамбар құлағанша жындар оның өлгенін бейхабар болып, Құдыс мешіттің құрылысын тоқтатпады [12]. Бұл оқиғаны аят былай баян етеді: «Біз оның (Сүлейменнің (а.с.)) өліміне үкім берген заманда жындарға оның өлімін, оның таяғын жеген бір жердің құрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылған сәтте жындарға аян болды. Егер жындар көместі білген болса еді, ауыр машақатта қалмас еді» (34.Сәбә-14).

8) Кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп оларды алдап‑арбау арқылы, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Көбіне біз мұндай жандарды палшы, бақсы, тәуіп деп те айтып жүрміз. Негізінен жындар ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді. Ал жындардың көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасауы жайында Құранда: «Әрине көкке қарманғанымызда оны қатал күзетші және атылған жалындарға толтырылған түрде таптық, Әлбетте тыңдау үшін аспанның кей орындарында отыратын едік. Енді біреу тыңдамақшы болса, оны көздеген жұлдызды көреді» (72.Жын 8-9) деген жолдар бар.

Жындардың көріпкел, палшыларға жеткізген кейбір хабарлары кей жағдайларда дұрыс шығуы да мүмкін. Бірақ, мәселе солай болды екен деп, оларға пал аштырып, келешекті білуге әрекеттену ислам діні бойынша үлкен күнә болып есептеледі. Жалпы палшылық пен көріпкелдікке деген сенім – Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) әкелген хабарларына қарсы шығумен тең. Қарсы шығу - кәпір болу деген сөз. Осы мәселеге байланысты мынадай ғибратты хадис бар: «Хазіреті Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Кейбір адамдар Расулуллаһқа келіп, көріпкел палшылардың ғайыпты қалай білетіндігін сұрады. Расулуллаһ оларға:

- Негізінен олардың ғайыпқа қатысты айтқан сөздері бос, мағынасыз сөздер, - деді. Сахабалар:

- Я, Расулуллаһ! Олар кей кезде ғайыптан айтқан сөздері дұрыс болып шығады. Бұл қалай? – десті. Расулуллаһ:

- Бұл дұрыс сөз. Жындар періштелердің бір-бірімен әңгімелескенін тыңшылық жасап, естиді де, оны тауықтың бақырып шақырғаны сияқты палшы достарының құлақтарына дауыстап жеткізеді. Бірақ, олар сол уахиден ұрлап алған бір дұрыс сөздің ішіне жүздеген өтірік сөз қосады, - деді»[13].

9) Ғалымдардың көпшілігінің айтуы бойынша – Пайғамбарымыздың пайғамбарлығы адамдарға да, жындарға да ортақ. Сол себептен Пайғамбарымызға «Расулус-сақалайн» деген ат берілген. Хазіреті Пайғамбарымыз исламды жындарға да түсіндірген және исламды қабыл еткен жындармен қатар, қарсы шығушы кәпір жындар да болды. Бұл жайында аятта Аллаһ Тағала былай дейді: «Сол уақытта саған жындардан Құран тыңдайтын бір топты келтірген едік. Олар жетіп келген сәтте «Үндемеңдер» десті. Сонда оқылуы біткен кезде өздеріне ескертуші болып қайтты. Олар: «Әй, еліміз! Шын мәнінде біз Мұсадан кейін түсірілген алдыңғы растаушы, сондай-ақ шындыққа және тура жолға салатын бір кітап тыңдадық, - деді. Әй, халқымыз! Аллаһтың шақырушысын қабылдаңдар және Аллаһқа иман келтіріңдер. Күнәларыңды жарылқап, күйзелтуші азаптан қорғайды» (46.Ахқаф, 29-31).

6. Шайтан және оның кейбір өзіндік ерекшеліктері хақында

 

Шайтан негізінен жындардың арасынан шыққан. Ол да оттан жаратылған. Және құлшылық тұрғысынан да жоғары тақуалық сатысына жетіп, періштелердің деңгейімен бірдей дәрежеге қол жеткізген. Ал енді осы періште мен жынның екі арасын мына аят айырып береді: «Сол уақытта періштелерге: Адамға сәжде қылыңдар деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде етті. Жыннан болған Ібіліс Раббыңның әмірінен бас тартты» (18.Кәһф – 50).

Шайтанның оттан жаратылғандығын жөнінде де аятта анық белгілер бар: (Аллаһ Ібіліске) Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?, - деді. Ол: мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың, - деді» (7.Ағраф-12). Шайтан біріншіден періште деңгейіне жетіп, әрі оттан жаратылғандығын алға тарта отырып, Адамға (а.с.) сәжде етуден бас тартып, Аллаһ Тағаланың құзырынан қуылды және қияметке дейін лағнетке ұшырады. Осыған байланысты Құранда бірқатар аяттар бар. Олардың бәріне жеке-жеке тоқталып жатпастан, тек мына төмендегі аятқа назар салсақ: «(Аллаһ Ібіліске) Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?, - деді. Ол: Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың, - деді. Сонда Аллаһ Ібіліске: «Сен бұл жерден (жұмақтан) шығып кет. Бұл жерде сен өзіңді астам ұстауыңа болмайды.. Дереу шық, қор болушылардансың»,- деді» (Ағраф, 12,13).

Негізінде, шайтан Адамның (а.с.) өзінен екі саты (Біріншіден, Аллаһтың адам жер бетіндегі халифасы болса, екіншіден, адам Аллаһ тарапынан берілген рух иесі) жоғары екендігін місе тұтпай, тәкаппарлыққа бой алдырды. Осыдан келіп, ол Адам атаны (а.с.) тануда өрескел қателік жасап, нәпсісіне ерді. Шайтанның бұл қателігі оның тағдырының түбегейлі өзгеруіне әкеп соқтырғаны белгілі. Қайтар жолдың жоқ екендігін түсінген шайтанның, өзінің қуылуына себеп болған адам баласына деген өкпесі қара қазандай еді. Оған төмендегі аят жолдары ап-айқын дәлел бола алады: «Қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер деді. (Аллаһ): Шынында мұрсат берілгендерденсің деді. (Ібіліс): Ендеше мені қаңғыртқаның үшін әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңа көлденең тұрамын деді. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келемін де олардың көбін, шүкір ететіндерден емес екенін көзіңмен көресің деді» (7.Ағраф, 14-17).