ОДОНТОГЕНДІ ФИБРОМА

Одонтогенді фибромалар жақтардың сүйек іші фибромаларының бір түрі болып саналады. Бұл фибромалардың тағы бір белгісі дәнекер тінді ісіктің ортасында тіс өсіп шығатын эпителийдің майда қалдықтарының кездесуі. Егер миксомалы өзгерген жерлері кездессе, онда нақтама фибромиксома деп қойылады.

Одонтогенді фиброманы жұмсақ одонтомадан ажырату керек. Жұмсақ одонтоманың өсіп шығатын екі компоненті де (эпителиальды, дәнекер тінді) жинақты біркелкі өсіп, тіс ұрығының өсу сатысының алғашқы көрінісіне ұқсайды. Одонтогенді фиброма, өзін қоршаған сүйектен ісіктің сыртын ала тығыз орналасқан коллаген талшықтарынан түзілген пердемен бөлініп тұрады. Ісіктің өсуіне байланысты жақ сүйегінің біркелкі сорылуы-резорбциясы байқалады.

Одонтогенді фибромалардың клиникалық, рентгенологиялық көріністері онша айқын емес.

Емі— хирургиялық жолмен ісікті мұқият сылып алу.

Эпулис.Эпулистерді (Фиброматозды, ангиоматозды, алып жасушалы- клеткалы) соңғы 25 жыл ішіндегі зерттеу оларға деген көзқарасты өзгертті. Оларды жақтың ұяшық өсіндісіндегі, қызыл иектегі анато-миялық, топографиялық орналасуына қарап қана топтастыру қазіргі онкология ғылымына сай келмейді. Бұндай көзқарасты бізде қолдаймыз.Себебі, бұл құрылымдардың ішінде ісіктер (фиброма, ангиома), ісікке ұқсас (фиброматозды, ангиоматозды эпулис) ісіктер кездеседі. Біздің ұғымымыз бойынша эпулис-аты айтып тұрғандай- қызыл иек үсті, сондықтан оны ісік тәріздес деген топқа жатқызуға болады деген пікір білдірмекшіміз. Ісікке ұқсас өсінділер, қызыл иектің жасанды сауытпен, бітеме-пломбамен, тістесудің бұзылуымен т.с.с. себептермен созылмалы қабынуының әртүрлі сатылары болып есептеледі.Олар тіннің әртүрлі жауап әрекеті болып, морфологиялық тұрғыдан қабыну ошағындағы иммунитеттің өзгергенін дәлелдейді. Ертеректе алып клеткалы эпулис деп, бір бөлігі қызыл иектің тінінен пайда болып, қалған бөліктері альвеола өсіндісінің сүйегінен шығатын көкшіл-қызыл ісік сияқты өсіндіні айтатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ісіктердің халықаралық гистологиялық жіктелуінде бұл жарақаттардың мәні түрліше болғандықтан, оларды бөліп қарауға тура келеді. Қызыл иектен өсіп шығатын ісік шеткі алып жасушалы-клеткалы гранулема деп аталып, жұмсақ тіндердің ісік тәрізді фиброзды жарақаттары тобына қосылады. Ал сүйектен өсіп шыққанын алып клеткалы жасушалы-гранулема (алып клеткалы репаративті гранулема) деп атап, оларды сүйектің ісік тәрізді жарақаттары бөлімінде қарайтын боламыз.

Стоматологтардың жұмысында эпулис жиі кездеседі. Ол негізінен ересек адамдарда, оның ішінде әйелдерде көбірек кездеседі.

Фиброматозды және ангиоматозды эпулистердің клиникалық көріністері ерекше. Фиброматозды эпулис табаны жалпақ, шекарасы анық, пішіні белгісіз, көбіне қырлары қызарған, ауырмайтын тығыз ісік болып келеді. Әдетте қызыл иектің кіреберісінде орналасып, тіс арасынан ет сияқтанып өтіп барып жалғасады. Тексеру барысында, эпулис аймағындағы тістің жасанды сауытының дәл еместігі, бітеме-пломбаның дұрыс салынбағандығы, тіс жегісі бар немесе протездің кламмері дұрыс орнатылмағандығы анықталады. Аталған заттар негізгі себепші болып грануляцияның өсіп шығуына жол ашады. Әрі қарай ол өсе келе, жетілген фиброзды дәнекер тінге айналады.

Ангиоматозды эпулистің фиброматозды түрінен айырмашылығы оның жұмсақтығы мен қызарып тисе де тимеседе қанай беретіндігінде. Микроскопта-ангиоматозды эпулисте жетіле бастаған фиброз тіндерімен қатар көптеген қан тамырлары көрінеді. Алып жасушалы-клеткалы эпулистің (шеткі остеобластокластома) клиникалық көрінісі аталған эпулиске ұқсас. Бірақ, өзіне тән өзгешеліктері бар, олар: түсі көкшіл-қызыл, бұдырлы-эрозиялы беткейінде антогонист тістердің ізі бар, тығыз-серпімді, қанағыш келеді (103-104-суреттер). Гистология есепсіз көп ядролы алып жасушаларды-клеткаларды көрсетеді. Оның стромасы тіндерге бай, қан тамырлары мол, фиброзды тін сирек.