Курс пререквизиттері мен постреквизиттері 16 страница

Өзін өзі қорғау нысандарына қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында әрекет жасау жатады. Осы өзін өзі қорғау нысандарын қолданған кезде оның шектерін сақтау керек. Егер заңсыз шектерінен асып кететін болса, онда заңмен көзделген жауапкершілік туындайды. Өзін өзі қорғану нысанын қолдану үшін келесі шарттар болуы керек:

- қорғанып отырған тұлғаның мүлкіне қол сұғу немесе мүліктік құқытарын бұзу қаупі туу керек. Мысалы, бір азамат екінші азамттың үйін өртеуге ұмтылуы керек;

- сол қауіп нақты болуы керек және анық көрініп тұруы керек. Жоғарыда келтірілген мысалда адам екінші азамттың үйін өртеймін деген ниеті нақты әрекеттермен көрінуі керек. Егер ол өртеймін деп тек қана сөзбен айтатын болса, сол адамға зиян келтіру қажетті қорғану болып табылмайды;

- қорғану жағдайында қауіп төндіріп отырған адамға залал келтірілуі мүмкін. Бірақ, келтірілген залалдың тойтарылған залалдан мөлшері аз болуы керек. Бұл қажетті қорғануды қолданудың келесі шарты болып табылады. Қажетті қорғану жағдайында, егер осы талаптар сақталатын болса, оның шегінен асып кетпеген болса, онда адам жауапкершілікке тартылмайды. Аса қажеттілік жағдайында әрекет жасау кезінде де заңмен көзделген шектер мен ережелерді сақтау қажет.

Шартты орындаудан бір жақты тәртіпте бас тартуға келесі жағдайларда жол беріледі:

1) егер шартқа негізделген міндеттемені орындауы мүмкін болмаса. Бұл жерде егер мүмкіндіктің болмауы борышқор жауап бермейтін жағдайлардан туындаса, орындауға мүмкіндік болмағандықтан міндеттеме тоқтатылады. Бұл ереженің күші ақшалай міндеттемелерге тоқтатылмайды. Тараптың өзі де, екінші тарап та міндеттемені орындауға жауап бермейтін мән- жайдан тарап міндеттемені орындай алмайтын ретте, егер заңда немесе шартта өзгеше көзделмесе, бір тараптың екінші тараптан міндеттемені орындауды талап етуге құқығы жоқ. Бұл орайда міндеттемені орындаған әрбір тарап орындалғанды қайтаруды талап етуге құқылы. Борышқор несие берушінің әрекеттері кінәсінен міндетемені орындауға мүмкіндігі болмаған жағдайда несие берушінің одан міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруды талап етуге құқығы жоқ;

2) белгіленген тәртіппен екінші тарапты банкрот деп таныған жағдайда. Банкроттық сот тәртібімен борышқор төлем қабілеттілігі жоқ деп танылған жағдайда ;

3) шарт жасалғанда негізге алынған мемлекеттік органның актісі өзгертілген немесе күші жойылған жағдайларда шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

Егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шарт мерзімі көрсетілмей жасалған жағдайда шартты орындаудан біржақты бас тартуға жол беріледі. Егер Азаматтық кодексте, басқа да заң актілерінде немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда бір тарап бұл туралы екінші тарапқа бір айдан кешіктірмей ескертуге тиіс.

 

15 тақырып. Міндеттеме ұғымы мен міндеттемедегі тараптар.

Жоспар:

1. Міндеттемелік құқық ұғымы және оның жүйесі.

2. Міндеттеменің ұғымы, оның заттық құқықтық қатынастан ерекшелігі.

3. Міндеттеменің туындауының негізі.

4. Міндеттеменің субъектісі.

5. Міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы.

1. Міндеттемелік құқық – азаматтық құқықтың ең үлкен бөлімі ретінде қарастырылып, оның өзіне тән ерекшелігі бар, ол қоғамдағы қалыпты қатынастарды да, сонымен қатар қандай да бір қатынастардың, яғни қорғаушы міндеттемелер, міндеттемені орындамағандық үшін жауапкершілік, міндеттемені қамтамасыз ету бұзылуын да реттейді.

Қазіргі Қазақстанда міндеттемелік құқық қоғамдық қатынастардың барған сайын кең ауқымын реттейді. Нарықтық экономикаға өту жаңа міндеттемелер тудыруда, бұрынғыларды өзгеріске ұшыратуда. Азаматтық құқыққа бұрыннан белгілі біржақты мәміленің түрі-конкурс- қазіргі кезде мүлде өзге сипатқа ие болды, мемлекеттік меншікті жекешелендіргенде, жылжымайтын мүліктің ипотекасында, мемлекеттік тапсырыстар алғанда, банкроттыққа қолданыс тауып ұдайы дамып келеді. Сатып алу-сату (кәсіпорындарды,жерді, жер пайдалану, жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мүліктік құқықтарды сатып алу-сату және т.б.), кепілге салу(ипотека, жер учаскесін, жер пайдалану және жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге салу, т.б.) сияқты міндеттемелер едәуір өзгеріске ұшырады.

Шарттардың жаңа түрлері шығуда (рента, факторинг, франчайзинг, форфейтинг, сенімгерлікпен басқару, т.б.). Бұл процесс жалғасуда. Міндеттеменің өтпелі кезеңде экономиканы құқықтық реттеудің ең бір тиімді де сенімді аспабы болатындығы сөзсіз.

Міндеттемелік құқық жүйесі. Міндеттемелік құқық екі үлкен бөлімнен тұрады:

1. Міндеттемелік құқықтың жалпы бөлімі. Мұның нормалары мыналарды реттейді:

- міндеттеме ұғымын және түрлерін;

- міндеттеменің туындау негіздерін;

- міндеттеменің орындалуын;

- міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді;

- міндеттеменің бұзылғаны үшін жауапкершілікті;

- міндеттемеде тұлғалардың ауысуын;

- міндеттеменің өзгеруі мен тоқтауын;

- шарт- міндеттеме туындауының негізі.

2. Міндеттемелік құқықтың ерекше бөлімі бір типті міндеттемелерді реттейтін жеке институттардан тұрады:

- шарттық міндеттемелер;

- шарттан тыс міндеттемелер.

Шарттан тыс міндеттемелер өз кезегінде мыналарға бөлінеді:

- біржақты мәмілелерден туындайтын міндеттемелер (конкурстық міндеттемелер, марапаттауға жария уәде беру);

- зиян келтіру салдарынан туындайтын (негізсіз баю салдарынан туындайтын) қорғаушы міндеттемелер (тапсырмасыз басқа тұлғаның мүддесі үшін қызметтен туындайтын).

Шарттық міндеттемелерді бөлгенде әртүрлі критерийлер алынады, ол жайында заң әдебиетінде әлі күнге дейін дау жүруде. Біздің ойымызша шарттық институттарды борышкер жүзеге асыратын қызмет түрлеріне қарап- мүлікті беру, жұмыс орындау, қызмет көрсету деп бөлген жөн. Бұл міндеттемеге АК-ның 268-бабында берілген анықтамаға да сәйкес келеді. Осы критерийге сәйкес шарттық міндеттемелердің мына түрларін бөліп алуға болады:

- мүлікті меншікке беру жөніндегі міндеттемелер (мысалы, сатып алу-сату; айырбас; сыйға тарту; қосылған торап арқылы энергетикалық және басқа ресурстармен қамтамасыз ету; рента);

- мүлікті пайдалануға беру жөніндегі міндеттемелер (мысалы, мүліктік жалдау, оның ішінде лизинг, концессия, мүлікті ақысыз пайдалану, тұрғын үйді жалдау);

- жұмысты орындау жөніндегі міндеттемелер (мысалы, мердігерлік, оның ішінде: күрделі құрылысқа, жобалау- іздестіру жұмыстарын орындауға; күрделі жөндеуге; ғылыми-зерттеу және тәжірибе- конструкторлық жұмыстарды орындауға);

- қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелер (мысалы, көлік міндеттемелері, оынң ішінде, тасымалдау, тіркеп сүйрету, көлік экспедициясы; банктік қызмет көрсету; тапсырма; комиссия; сақтау; сенімгерлікпен басқару; франчайзинг; факторинг).

2. Міндеттеме ұғымы әртүрлі мағынада пайдаланылады:

- құқық қатынасы;

- борыш, міндет;

- осы міндет көрсетілген құжат (қолхат, квитанция, вексель, чек, облигация, мемлекеттік қазыналық міндеттеме).

АК-ның 268-бабында міндеттеме құқықтық қатынастар ретінде беріледі: Міндеттемеге сәйкес бір адам (борышкер) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және т.б. сияқты белгілі бір әрекеттер жасауға, не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышкерден атқарылғанды қабылдауға міндетті. Міндеттемелік құқық қатынастарының негізгі ерекшеліктері, экономикалық тұрғыдан алғанда, еңбектің мүліктік нәтижелерінің ауысуынан туындайды (өндіріс өрісінен айналым өрісіне, ол арқылы тұтыну өрісіне ауысуы). Егер өндіріс өрісінде сатып алу-сату рәсімделсе, онда мүлік, еңбек нәтижесі ретінде өндіріс өрісінен айналым өрісіне, сонан соң қайтадан өндіріс өрісіне ауысады. Егер халық тұтыну тауарларын сатып алу-сату жүргізілсе, онда мүлік айналым өрісі арқылы өндіріс өрісінен тұтыну өрісіне ауысады. Мүліктің өндіріс өрісінен айналым және тұтыну өрісіне ауысуымен байланысты барлық қатынастар міндеттемелік қатынастар болып табылады.

Осыдан барып міндеттемелік қатынастардың ерекшеліктері және олардың басқалардан айырмашылығы туындайды:

1. Міндеттеме- мүліктік емес азаматтық құқықтық қатынастармен салыстырғанда мүліктік құқық қатынастары болып табылады.

2. Егер заттық құқық қатынастары үшін материалдық игіліктердің берілгендігін бекіту керек болса, міндеттемелік үшін- иеленіп қойған материалдық игіліктердің ауысуын бекіту керек, сондықтан заттық құқық қатынастарда тұрақтылық, ал міндеттемелік қатынастарда- жылжымалық сипат бар;

3. Бұдан заттық құқық қатынастарындағы міндетті тұлғалардың пәс мінез-құлқы (заттық құқықтарды бұзбау міндеті) және міндеттемелік құқық қатынастарындағы міндетті тұлғалардың белсенді мінез-құлқы (борышкердің несие берушінің пайдасына нақты әрекеттер жасау міндеті) туындайды;

4. Міндеттемеде құқық берілген адамға нақты міндетті адам қарсы тұрады (құқық қатынастарының салыстырмалы сипаты), ал заттық құқық қатынастарында құқық берілген адамға анықталмаған міндетті адамдар қарсы тұрады (құқық қатынастарының абсолюттік сипаты);

5. Міндеттемеге заттық құқықтармен, бәрінен бұрын меншік құқығымен, тығыз байланысты болу тән. Міндеттемелік құқық қатынастар заттық құқықтық қатынастардың туындысы және олармен өзара байланысты. Міндеттемелік заттық құқықтық қатынас, туындаған кезде заттық қатынастардың болуын, көздейді, ал ол өз тарапынан міндеттемелік құқық қатынастарының дамуының заңдық нәтижесі болып табылады. Сатып алу-сату меншік құқығының болғандығын көздейді (шаруашылық жүргізу, оралымды басқару), сонымен қатар, сатып алу-сату нәтижесінде меншік құқығы пайда болады. Яғни, міндеттеменің көмегімен меншік құқығының немесе басқа заттық құқықтардың ауысуы болады.

Міндеттеменің жоғарыда келтірілген нышандарына сүйеніп оған анықтама беруге болады: міндеттеме дегеніміз- мүліктік салыстырмалы азаматтық құқықтық қатынас, оған сәйкес бір тарап (борышкер) екінші тараптың ( несие берушінің) пайдасына мүлікті беру, жұмыс орындау, қызмет көрсету жөнінде белгілі бір әрекет жасауға не белгілі бір әрекеттен бас тартуға міндеттенеді. Тиісінше, міндеттемелік құқыққа (объективтік мәнде) мүлікті берумен, жұмыс орындаумен, қызмет көрсетумен байланысты туындайтын міндеттемелік қатынастарды реттейтін азаматтық-құқықтық нормалардың (азаматтық құқық саласы) жиынтығы деп анықтама беруге болады. Сол берілген заттар мен мүліктік құқықтардың, жұмыстың, қызметтің өздері материалдық объект немесе міндеттеме заты болып табылады.

Міндеттеме субъектісі болып саналатын тараптар: борышкер және несие беруші. Міндеттеме, әдетте, көпжақты емес, екіжақты болып келеді. Егер бірнеше борышкер немесе бірнеше несие беруші болса, ол міндеттемедегі адамдардың көптігін білдіреді, бірақ бәрі бір бұл жерде екі тарап бар. Көпжақты шарт жасалғанымен ол шарттан көпжақты міндеттеме туындамайды. Ал, құрылтайшылардың заңды тұлғаның мүлкіне міндеттемелік қатынасуының туындауына негіз болатын, заңды тұлға құру жөніндегі құрылтай шарты ғана жоғарыдағы жағдайға жатпайды. Басқа көпжақты шарттың- бірлескен қызмет туралы шарттың негізінде ортақ меншіктің міндеттемелік емес, салыстырмалы заттық құқық қатынастары туындайды. Әдетте екі немесе одан көп шарт жасалатын жағдайларда үш немесе одан көп тараптар арасында бір шарт жасалатын кейбір кездерді алсақ (мысалы, лизинг беруші, лихинг алушы және құрал-жабдық сатушы өзара үшжақты шарт жасасады, ол бойынша құрал-жабдық лизинг берушінің меншігіне өтеді, ал сатушы оны лизинг алушыға дайындап өткізеді), бұл жағдай осы шарттан туындаған құқық қатынастарына әсерін тигізбейді: бәрі бір шарттан екі немесе одан көп міндеттемелер туындайды (лизинг беруші мен сатушы арасында, лизинг беруші мен лизинг алушы арасында, сатушы мен лизинг алушы арасында). Міндеттеменің мазмұны оның тараптарының құқықтары мен міндеттерін құрайды. Құқық берілген тарапқа тиесілі субъективтік құқықты талап ету құқығы деп, ал міндетті жақта жатқан міндетті- борыш деп атау қабылданған.

Міндеттемелерді олардың негіздері бойынша топтастыру міндеттемелік құқықтың құқықтық институттарын шарттық және шарттан тыс топтастырумен сәйкес келеді.

Құқықтар мен міндеттердің ара қатынастары бойынша міндеттемелер былайша бөлінеді:

- біржақты- міндеттеменің бір тарапында тек құқық болады, ал екінші жағында – тек міндеттер (заем, зиян келтіру);

- өзара немесе екіжақты- міндеттеменің әрбір қатысушысында құқық та, міндеттеме де бар, яғни олар борышкердің де, несие берушінің де рөлінде болады (АК-ның 269-бабының 3-тармағы). Мысалы, сатып алу-сату шартында сатушы тауарды беру міндеттемесі бойынша борышкер және тауарға ақша төлеу міндеттемесі бойынша несие беруші; ал, сатып алушы- керісінше.

Орындау нысанының анықтылығы тұрғысынан міндеттемелер былайша бөлінеді:

- белгілі бір мазмұндағы міндеттемелер- дағдылы және көп таралған;

- балама міндеттемелер- борышкер өзі жасауға тиісті бірнеше әрекеттердің ішінен біреуін таңдауға құқылы. Мысалы, өсиет қалдырушы мұрагерге бас тартылғанды пәтермен қамтамасаз ету, немесе оның жалдаған пәтері үшін белгілі бір уақыт бойы ақы төлеп тұру құқығын береді. Зиян келтірудегі міндеттемеде борышкер зиянның орнын заттай толтыруға, немесе келген шығынды толық төлеуге міндетті;

- факультативтік міндеттемелер- борышкер белгілі бір әрекет жасауға міндетті, ал ол мүмкін болмаса- басқа әрекет жасайды. Мысалы, борышкер несие берушіге автомобиль беруге міндетті, бірақ ол оны қандай да бір себептермен жасай алмаса, автомобильдің құнын төлеуге немесе сондай мүлік беруге тиіс.

Кейде альтернативтік және факультативтік міндеттемелер арасындағы айырмашылық байқалмайды, дегенмен ол бар. Көбіне, ол, орындау нысаны кездейсоқ жойылғанда пайда болады. Мысалы, автомобиль кездейсоқ жойылса оның салдары әртүрлі болады: альтернативтік міндеттемеде (не автомобиль, не ақша) ақша төлеу міндеті қалады; факультативтік міндеттемеде (автомобиль, егер ол болмаса- ақша) міндеттеме тоқтайды, себебі факультативтік орындау нысанының тағдыры түгелдей негізгі заттың тағдырына байланысты. Бір-бірімен өзара байланысының сипатына қарай міндеттемелер басты және қосамша (акцессорлық) болып бөлінеді. Мысалы, тұрақсыздық айыбын төлеу міндеті негізгімен салыстырғанда акцессорлық міндеттемеге жатады. Акцессорлық міндеттеме негізгімен тығыз байланысты, негізгі міндеттеме тоқтағанда ол да тоқтайды. Міндеттеме нысанының сипаттамасына қарай олар бөлінетін (бөліп орындауға болатындар- заем, дайындап жеткізу) және бөлінбейтін (бөліп орындауға болмайды, мысалы- үй құрылысы, сурет салу,т.б.) деп бөлінеді.

3. Міндеттеменің туындау негіздері, бұл- заңдық фактілер, яғни құқық нормалары олармен құқықтық қатынастардың туындауын, өзгеруін немесе тоқтауын байланыстыратын мән-жайлар. Заңдық фактылар әрекеттерге (саналы және адамның еркімен жасалынатын) және оқиғаларға (адамдардың ықтиярынсыз болатын, мысалы,баланың тууы, табиғи құбылыстар) бөлінеді. Әрекеттер заңды және заңсыз болып бөлінеді. Яғни міндеттеме туындауының мынадай маңызды негіздерін атауға болады:

1) Шарт және өзге мәмілелер (заңды әрекеттер). 271-бапта тек шарт алғанмен, мәміле жайында айтқан дұрыс, себебі шарт мәміленің бір түрі болып табылады (148-бап). Міндеттеменің туындауының негізі, шарттан басқа, бір жақты мәміле болуы мүмкін (мысалы, конкурс немесе марапаттауға жария уәде беру).

Ал шартты алатын болсақ, міндеттеменің туындауына негіз ретінде, әдетте, екі жақты шарт алынады.

Көп жақты шарт (148-бап) міндеттемеге тән емес. АК-да көп жақты шарттың бір түрі- бірлескен қызмет туралы шарт қарастырылған (228-бап).

2) әкімшілік акт (заңды әрекеттер)- мемлекеттік органдардың жеке актілері. Қазіргі кезде, жоспарлы реттеудің таратылуына және тұрғын үйлерге ордерлердің жойылуына байланысты әкімшілік актілердің рөлі едәуір төмендеді. Осы актілердің (лицензия, жекешелендіру туралы акт, міндетті түрде шарт жасасқандағы акт (399-бап) және т.б.) негізінде көбіне шарт жасасу міндеттемесі туындайды. Шарт жасасқаннан кейін ғана туындауы үшін әкімшілік акт шығарылған міндеттеме туындайды.

3) Зиян келтіру (деликттер) және басқа заңсыз әрекеттер. Азаматқа немесе заңды тұлғаға зиян келтіруден туындайтын міндеттемелер деликтік деп аталады.

Міндеттеменің туындауына негіз болатын басқа бір заңсыз әрекет, ол- негізсіз баю. Заңнамада немесе мәміледе белгіленген негіздерсіз, басқа адамның есебінен мүлік иемденген немесе жинақтаған адам негізсіз иемденген немесе жинақтаған мүлкін сол адамға қайтаруға міндетті (негізсіз баю);

4) Интеллектуалдық меншіктің әртүрлі объектілерін құру және пайдалану. Мысалы, авторлық, лицензиялық шарттар жасасқанда және т.б.

5) Азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге әрекеттері (АК-ның 7-бабы). Мысалы, адамның жеке басына немесе басқа адамның мүлкіне келетін зиянды тойтару мақсатындағы заңды әрекеттер, егер ол әрекеттер мүдделі адамдардың тапсыруынсыз немесе келісімінсіз жасалса. Мысалы, су тасқыны немесе өрт кезінде азамат адамдарды немесе мүлікті құтқарамын деп ауыр жарақат алса немесе қаза тапса. Азамат тартқан шығынды немесе өзге нақты залалды өтеу жөнінде міндеттеме туындайды (АК-ның 855-бабы).

Өзге заңды әрекеттерден туындайтын міндеттемелерге затын жоғалтқан адамның сол затты тауып алған және меншік иесіне қайтарған адамға оның шығындарын және оған сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемесін жатқызуға болады (245-бап);

6) оқиға (АК-ның 7-бабы). Әдетте, оқиғаның өзі міндеттеме тудырмайды, бірақ күрделі заңдық құрамның заңдық фактілерінің бірі болып табылады. Мысалы, өсиеттік бас тарту (бір жақты мәміле) және өсиет қалдырушының қайтыс болуы (оқиға). Құқық тудыратын оқиғалар қатарына сақтандыру жағдайының болуын жатқызуға болады, ол сақтандыру өтемін төлеу жөніндегі міндеттемені күшіне ендіреді, бұл, өз кезегінде, соған дейін бар сақтандыру міндеттемесін орындағандық болып табылады. Навигацияның ашылуы (оқиға) жүк тасымалдау жөніндегі міндеттемені орындаудың басталғандығын білдіреді.

4. Міндеттеменің субъектісі. Міндеттеменің субъектілері ретінде міндеттеменің тараптарын (борышкер мен несие берушіні) қарастырады. Бірақ, қазіргі қоғамда азаматтық- құқықтық қатынастардың өзара шытырман байланыстылығынан үшінші жақтың бұл қатынастардағы рөлі артуда. Көбіне олар міндеттеменің мазмұнына әсер етеді, оның құқықтық мәнін анықтайды. Соған байланысты ҚР Азаматтық кодексінде ТМД-ның басқа елдерінің Азаматтық кодекстерінде жоқ жаңа термин- «міндеттеменің қатысушылары» енгізілді. АК-ның 217-бабының 1-тарауында «тараптар (борышкер мен несие беруші) және үшінші жақ міндеттеменің қатысушылары болып табылады»- делінген. Сондықтан, «міндеттеменің қатысушысы» ұғымы өзіне субъектілердің екі санатын қамтиды:

- міндеттеменің тараптары (борышкер және несие беруші); үшінші жақ..

Міндеттемедегі тұлғалардың көптігі туралы АК-ның 286-бабында былай делінген: «Егер міндеттемеге бірнеше несие беруші немесе бірнеше борышкер қатысса (адамдар көп болған міндеттеме), несие берушілердің әрқайсысы міндеттемені орындауды талап етуге құқылы, ал борышкерлердің әрқайсысы заңдардан немесе міндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлесте орындауға міндетті (үлесті міндеттеме)». Азаматтық- құықытық міндеттемелердегі тараптар, олар- борышкер мен несие беруші. Бірақ, әрбір жақта бір емес, екі немесе одан да көп тұлғалар болуы мүмкін. Мұндайда міндеттемедегі тұлғалардың көптігі жайында сөз болады. Міндеттемеге бірнеше несие беруші және бір борышкер қатысса (көптік несие беруші жағында), онда әңгіме белсенді көптік міндеттемелері жайында болады. Адамдар көптігі болғанда міндеттеме үлесті және ортақтасқан болып бөлінеді. Жалпы ереже ретінде үлесті міндет пен үлесті талап белгіленеді, ол теңдей үлес принципінен шығады. Мысалы, белсенді көптік міндеттемелерінде (бірнеше несие беруші- бір борышкер), жалпы ереже бойынша әрбір несие беруші борышкерден бірдей үлесте орындауды талап етуге құқылы.

Егер, арнайы басқадай айтылмаған болса, барлық үлестер теңдей деп ойлау керек (бұл жағдайда- үйдің барлық бөліктері және олар үшін төленетін ақы бірдей). Заңнамада немесе шартта белгіленуі мүмкін басқа тәртіп екі кезге қатысты болуы мүмкін: ортақтасқан принципті қолдану (Ак-ның 287-бабы) және теңдей емес үлестерде бекіту (мысалы, меншік иелері сататын үйді олардың үлестері бірдей емес). Үлесті міндеттемелерге тән бірнеше мысалдар келтіруге болады:

- шығынның орнын толтыру жөніндегі міндеттемелер бірлескен қызмет туралы шарттағы мүліктегі үлестерге бара-бар;

- коммандиттік серіктестіктегі салымшылардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, қосымша жауапкершілікті серіктестіктің, акционерлік қоғамның қатысушыларының жауапкершілігі.