Курс пререквизиттері мен постреквизиттері 8 страница

-құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен шаруашылық серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға;

-шаруашылық серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен оның құжаттамаларымен танысуға;

-таза табысты бөлісуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бір немесе бірнеше қатысушыны пайданы бөлісуге қатысудан шеттетуді көздейтін ережелері жарамсыз болып табылады;

-шаруашылық серіктестік таратылған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін қалған серіктестік мүлкіндегі өздерінің үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін немесе оның құнын алуға құқығы бар:

Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың заң құжаттарында және құрылтай құжаттарында көзделген басқада құқықтары болуы мүмкін.Шаруашылық серіктестікке қатысушылар:

- құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;

- салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп, мөлшер, әдістер және мерзімдер бойынша салып отыруға;

- шаруашылық серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

Шаруашылық серіктестіктің құрылтайшылары құрылтай құжаттарында көзделген басқа да міндеттерді атқару мүмкін. Серіптестіктерді қайта құру және таратудың өзіне тән ерекшеліктері бар. Шаруашылық серіктесік оның қатысушыларының шешімімен ерікті түрде қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Оларды қайта құру мен таратудың өзге негіздерін Азаматтық Кодекс, Шаруашылық серіктестік туралы жарлық, ЖШС туралы заң және басқа заң құжаттары анықтайды. Шаруашылық серіптестіктер заң құжаттарында белгіленген реттер мен тәртіп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен шаруашылық серіктестіктің бір түрінен екінші түріне акционерлік қоғамдар немесе өндірістік кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкін. Толық серіктестік немесе сенім серіктестігі акционерлік қоғам,жауапкершілік шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке көшкен міндеттемелер бойынша екі жыл бойы өзінің барлық мүлкімен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серіктестіктердің өзіне тиесілі акцияларды (үлестерді) иеліктен шығару оны мұндай жауаптылықтан босатпайды.

Толық серіктестік. Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктердің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкешілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады. Қатысушылары жауапкершілігінің ерекшелігіне байланысты ҚР-дың кәсіпкерлік практикасында толық серіктестіктер кең қолданыс таппаған. Сонымен бірге, көптеген батыс елдерінде сауда серіктесін немесе клиентті таңдауда толық серіктестікке басымдық беріледі. Несие берушілерге жоғары кепілдікті сақтау мақсатында азамат бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.

Толық серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшылары белгілейді, бірақ ол қатысушылардың жарғылық капиталға салымдарын салатын кезде Қазақстан Республикасында заң жүзінде белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 25 мөлшерінен кем болмауы тиіс.Толық серіктестіктің ең жоғары органы- қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серіктестіктің ішкі мәселелері жөніндегі шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімі бойынша қабылданады. Серіктестіктің құрылтай шартында қатысушылардың көпшілік даусымен шешім қабылданатын реттер көзделуі мүмкін.Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының санын анықтаудың өзгше тәртібі көзделмесе, толық серіктестіктің әрбір қатысушысының бір даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесіне сай белгіленетіндігі көзделуі мүмкін. Толық серіктестікті басқаруды осы серіктестіктің атқарушы органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлері, құрылу тәртібі және олардың құзіреті құрылтай құжаттарында белгіленеді. Серіктестіктің ісін жүргізу тапсырылған толық серіктестіктің органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуі бойынша өз қызметі туралы толық ақпарат беріп отыруға міндетті.

Серіктестіктің қалған түрлерінен өзгеше, толық серіктестікте тұлғалық жағдай барынша маңызды болады. Бұл серіктестердің толық жеке жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан толық серіктестікке қатысушының өз үлесін оның басқа қатысушыларына немесе үшінші жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімімен ғана беруіне болады.Үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші жаққа берілген жағдайда сонымен бірге толық серіктестіктен шыққан қатысушыға тиесілі құқықтар мен міндеттердің бүкіл жиынтығы соған ауысады. Толық серіктестіктің қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келісуімен құқықты мирасқор(мұрагер) серіктестікке кіре алады. Құқық мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серіктестік алдындағы борыштары бойынша,сондай-ақ серіктестіктің үшінші жақтары алдындағы бүкіл серіктестік қызметі кезінде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады. Құқық мирасқор (мұрагер) толық серіктестікке кіруден бас тартқан немесе құқық мирасқорды (мұрагерді) қабылдаудан серіктестік бас тартқан жағдайда, оған қатысушы қайтыс болған күні белгіленген серіктестік мүлкіндегі үлестін құқық мирасқорлық негізінде өзіне тиесілі құны төленеді. Бұл реттерде тиісінше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзімде құрылтай шартында аталған серіктестік мүлкінің мөлшері азайтылады, бірақ ол үш айдан кешіктірілмеуге тиіс.

Толық серіктестіктің қатысушысы серіктестіктен кез келген уақытта шыға алады, ол бұл жөнінде қалған қатысушыларға іс жүзінде шығатың мерзімінен кемінде 6-ай бұрын ескертеді. Бес жылға дейінгі мерзімге құрылған толық серіктестіктен мерзімінен бұрын бас тартуға дәлелді себептер болғанда ғана жол беріледі. Толық серіктестіктін құрылтай құжаттарында қатысушылардың серіктестіктен шығуы туралы өтініш беруінің өзгеше мерзімі көзделуі мүмкін. Серіктестіктің қатысушылары арасында серіктестіктен шығу құқығынан бас тартуға келісім жасау жарамсыз деп танылады. Толық серіктестікке қатысушылар қалатын қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша және оған дәлелді себептер болған жағдайда,атап айтқан да оның өз міндеттерін дөрекі бұзуы немесе іс жүргізу қабілетсіздігі байқалған жағдайда қатысушылардың біреуін немесе бірнешеуін серіктестіктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы. Толық серіктестіктен шығарылған қатысушыға шығатын кездегі балансқа сәйкес салған салымына қарай оның серіктес мүлкіндегі үлесінің құны төленеді. Толық серіктестікке қатысушының жеке борыштары пайда болуы мүмкін. Қатысушының толық серіктестіктің жеке борыштары бойынша өз үлесін өндіріп алуға өтініш жасауына борыштарды өтеу үшін оның басқа мүліктері жеткіліксіз болған жағдайда ғана жол береді. Мұндай қатысушының несие берушілері толық серіктестіктер серіктестік мүлкінен ақы өндіріп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін бөліп беруді талап етуге құқылы. Серіктестік мүлкінің бөліп беруге жататын бөлігі немесе оның құны несие берушілердің бөліп беру туралы талтаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады. Қатысушының толық серіктестік мүлкіндегі үлесінен ақы өндіріп алу оның серіктестікке қатысуын тоқтатады.

Толық серіктестіктің заңы тұлғалардың басқа түрлерінен мәнді айырмашылықтары бар. Тарихи тұрғыдан қарағанда,заңды тұлғалар жеке тұлға-кәсіпкердің кәсіпкерлік тәуекелде тұрған мүлкін өзге мүліктен айыруға мүмкіндік беретін құқықтық нысан ретінде пайда болған. Серіктестіктің біз қарастарып отырған нысанында жағдай өзгеше. Егер толық серіктестік таратылған жағдайда, оның барлық борыштарын өтеу үшін нақтылы мүлкі жетпейтін болса, серіктестік үшін жетпейтін бөлігі жөнінен оған қатысушылар ортақ жауапкершілікті өздерінің заң құжаттарына сәйкес ақы өндіріп алынатын барлық мүлкімен өз мойнына алады. Толық серіктестіктің қатысушысы серіктестіктің борышы бойынша, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өзі кіргеннен кейін немесе кіргенге дейін пайда болғанына қарамастан жауап береді.

Толық серіктестіктен өз қалауымен шыққан немесе серіктестіктен соттың шешімі бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке кіруден бас тартқан құқық мирасқоры (мұрагері) серіктестіктен өздері шыққан кезге дейін паада болған серіктестік міндеттемелері бойынша серіктестіктің өздері серіктестіктен шыққан жыл ішіндегі серіктестік қызметі туралы есеп бекітілген күннен бастап, екі жыл бойы жауап береді. Өз үлесін бір қатысушыға немесе үшінші жаққа беру арқылы серіктестік мүлкіндегі өз үлесінен несие беруші (несие берушілер) ақы өндіріп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқық мирасқоры (мұрагері) серіктестік міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Толық серіктестік тоқтатылғаннан кейін қатысушылар серіктестік тоқтатылған күннен бастап екі жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейін пайда болған серіктестік міндеттемелері бойынша жауапты болады. Толық серіктестіктің осы бапта көзделген міндеттемелері бойынша өздерінің жауапкершілік тәртібін өзгертетін қатысушылардың келісімі жарамсыз болып табылады.

Заңды тұлғаны таратудың жалпы негіздерінен басқа, серіктестікте жалғыз қатысушы қалып, ол 6 ай ішінде серіктестікті қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да толық серіктестік таратылады. Толық серіктестікке қатысушылардың жеке жауапкершілігінің ерекшеліктеріне байланысты тұлғалық фактор төтенше маңызды болады. Бір-біріне деген жеке сеніміне сүйеніп, серітерінің іскерлік қасиеттері мен материялдық мүмкіндіктеріне үміт арта отырып толық серіктер кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, қатысушылар құрамының өзгеруі серіктестіктің тоқтатылуына әкеп соғады. Алайда қатысушылар өз кәсіпорындарының өмір сүруін тұрақтандыра алады. Толық серіктестікке қатысушылардың қайсібіреуі шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бірі хабар-ошарсыз кетті, әрекет қабілеттілігі жоқ немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі не банкрот деп танылған немесе несие беруші бір қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесіне сәйкес келетін мүлкінен ақы өндіріп алған реттерде,егер ол серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келісетін болса, серіктестік өз қызметін жалғастыра береді. Егер қатысушылардың бірі осы аталған негіздер бойынша серіктестіктен шығып кетсе,серіктестіктің жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестері, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейеді. Сонымен бірге құрылтай құжатта-өзге ережеде көзделуі мүмкін.

Сенім (коммандиттік) серіктестігі. Сенім серіктестігі ұйымының көмегімен бизнес жүргізу қазақстандық,сондай-ақ дүниежүзілік тәжірибеде айтарлықтай сирек кездесетін құбылыс. Алайда мұндай әдістің белгілі бір жағдайларда өзіндік артықшылықтары болатындықтан, заң шығарушылар оны кәсіпкерлік таңдаудың мүмкіндіктерін ұлғайту үшін ұсынады. Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан да көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серіктестігі деп танылады. Толық және сенім серіктестіктерінің қызметі мен құқықтық мәртебесінде көптеген ұқсастықтар бар. Сондықтан, сенім серіктестігіне АК-ның және Шаруашылық серіктестік туралы жарлықтың қағидалары қолданылады.

Сенім серіктестігінің жарғылық капиталы толық серіктер мен салымшылардың салымдарынан құралады және қатысушылардың жарғылық капиталға салым салу кезінде Қазақстан Республикасында заң жүзінде белгіленген 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем болмауы тиіс. Салымшылардың жарғылық капиталдағы үлесінің жиынтық мөлшері 50 пайыздан аспауы керек. Мұнда сенім серіктестігінің құрылтай құжаттарында салымшылардың толық серіктердің салымдардың бір бөлігін төлеу жөніндегі міндеттері көзделуі мүмкін.

Жарғылық капитал салымшылардың салған салымдарын есептемегенде, толық серіктердің сенім серіктестігі мүлкіндегі үлесін анықтайды. Шаруашылық қызметі барысында жарғылық капитал өзгеруі мүмкін. Сенім серіктестігінің жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушілеріне хабарлағаннан кейін жол беріледі. Несие берушілер бұл ретте тиісті міндеттемелердің мерзімінен бұрын тоқтатылуыны немесе орындалуын және өздері шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Аталған тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың арызы бойынша соттын шешімімен сенім серіктестігін таратуға негіз болады.

Сенім серіктестігіне қатысатын толық серіктердің құқықтық ережесі және олардың серіктестік міндеттемелері бойынша жауапкершілігі толық серіктестіктің қатысушылары туралы ережемен белгіленеді. Толық серік өзінің жеке мүлкімен қосымша жауапкершілік атқаратындықтан, заң шығарушылар мұндай жағдайда несие берушілердің мүдделерін қамтамасыз ететін бір қатар ережелерді белгіледі. Азамат бір ғана сенім серіктестігінің толық серіктесі бола алады. Сенім серіктестігіндегі толық серіктес толық серіктестіктің қатысушысы бола алмайды.

Толық серіктестен өзгеше,салымшының жауапкершілігі шектелген: ол өзі салған салымның мөлшерінде ғана жауап береді. Сенім серіктестігінің салымшысы бастапқы және қосымша жарналарын салады. Жарналардың мөлшерін, салу әдістері мен тәртібін құрылтай құжаттары белгілейді. Құрылтай құжаттарының мазмұнына қарамастан, салымшының мынадай құқықтары бар:

1) құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен серіктестік таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесін алу;

2) серіктестіктің қаржылық есебімен танысу, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуді талап ету;

3) жарғылық капиталдағы өз үлесін немесе оның бір бөлігін заң құжаттарында және серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп бойынша басқа салымшыға немесе үшінші жаққа беруге құқығы бар.Салымшының өз үлесін басқа біреуге түгелдей беруі, оның серіктестікке қатысуын тоқтатады;

4) серіктестіктен шығу.

Салымшыларға арналған осы құқықтардан бас тарту немесе оларды шектеу,оның ішінде салымшылар мен толық серіктердің келісуі бойынша шектеу жарамсыз болады. Сенім серіктестігінің құрылтай құжаттарында салымшының мәміле жасау өкілеттілігі болуы мүмкін. Мысалы, салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін. Мысалы, салымшының мәміле жасау өкілеттігі болуы мүмкін. Оның үстіне, егер салымшы сенім серіктестігінін мүделерін көздеп, тиісті өкілеттіксіз мәміле жасаса,оның әрекеттерін серіктестік мақұлдаған жағдайда мәміле бойынша ол несие берушілердін алдында толық көлемде жауап береді. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшінші жақтың алдында заңдар бойынша өзінің ақы өндіріп алынатын бүкіл мүлкімен жеке жауап береді.

Сенім серіктестігінің ісін басқаруды толық серіктестіктер жүзеге асырады. Сенім серіктестігінің ісін оның толық серіктерінің басқару және жүргізу тәртібін олар толық серіктестік туралы ережелер бойынша белгілейді.Салымшылардың сенім серіктестігі ісін басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серіктестігі салымшыларының серіктестік ісін басқару жөнінде толық серіктестердің әрекеттеріне дау жасауға құқығы жоқ.

Сенім серіктестігі оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серіктестер сенім серіктестігін қаратудың орнына оны толық серіктестік етіп қайта құруға құқылы.Сенім серіктестігі толық серіктестікті тарату үшін көзделген негіздер бойынша да таратылады. Салымшылар сенім серіктестігі таратылған кезде оның несие берушілерінің талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған серіктестік мүлкінен салымдарды алуға толық серіктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенім серіктестігінің бұдан кейінгі қалған мүлкі толық серіктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртіп белгіленбесе, олардың серіктестік мүлкіне қосқан үлесіне қарай бөлінеді.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік шаруашылық серіктестіктердің ең көп таралған нысаны болып табылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бірлескен кәсіпорындардың бірі болып саналады. Корпорация дегеніміз - бұл оның құрушылары осымен бір мезгілде берілсе және заңдық тең негізде әрекет ететін қатысушылар болып табылатын өзін-өзі ұйымдастырған заңды тұлға.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін АКжәне ЖШС туралы Заң реттейді. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшеде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі, серіктестік (бұдан былай-ЖШС). деп танылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Осы дәрежеден өзгеше жағдайлар АК-да және заң актілерінде көзделуі мүмкін. Мұнда, әңгіме,негізінен алғанда, серіктестіктің әрекеттері үшін қатысушылардың(құрылтайшылардың) жауапкершілігі жөнінде болып отыр. «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым салмаған бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады».

. Акционерлік қоғам.

Өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып табылады.Акционерлік қоғам өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауапты болады және егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Акционерлік қоғам акционерлерінің саны шектелмеген. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығында акциялар бағаланатын активтерінің мөлшері кемінде айлық есепті көрсеткіштің 200.000 еселенген мөлшерін құрайтын және акционерлерінің саны 500-ден кем болмайтын ашық қоғам ашық халықтық қоғам болып табылады. Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып: құрылтай шарты мен жарғы танылады. Акционерлік қоғамда қоғамның қызметіне жалпы басшылықта жүзеге асыратын директорлар кеңесі құрылады.

Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне:

- жалпы жиналысты шақыру;

- шығарылған капитал мөлшерін азайту шешімін қабылдау, соынмен қатар қоғам қоғам шығарған акция, облигация және тағы басқа бағалы қағаздарды сатып алу туралы шешім шығару;

- қоғамның атқарушы органын сайлау және оның қызметін уақытынан бұрын тоқтату;

- дивиденттер төлеудің тәртібі мен мөлшері туралы шешім қабылдау;

- қоғам қорының және таза табысты пайдалану тәртібін анықтау;

- қоғам қызметі тәртібін анықтайтын ішкі құжаттарын бекіту;

- қоғам филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешім қабылдау;

- маңызды мәмілелерді құру туралы шешім қабылдау;

- қоғамның басқа мекемелерді құру мен қызметіне қатысу туралы шешім қабылдау жатады.

Директорлар кеңесінің мүшесі болып акционерлік қоғам акционерлері болып табылмайтын кез келген азамат бола алады. Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді акционерлік қоғамның атқарушы органының шешуіне беруге болмайды. Акционерлік қоғам акционерлер жиналысының шешімі бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Акционерлік қоғамды қайта құру мен тоқтатудың басқа негіздері – заңды тұлғаны қайта құру мен тарату негіздерінен көрініс табады. Акционерлік қоғам – жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы. Акционердің құқықтары акциямен дәлелденеді. Акция – қоғаммен шығарылатын, акцияның түріне байланысты акционердің белгілі бір құқықтарын дәлелдейтін бағалы қағаз.

Акциялар келесідей болуы мүмкін:

- дивиденттер алуға;

- қоғамды басқаруға қатысуға;

- қоғам тарататылғаннан кейін мүліктің бір бөлігін иеленуге.

Акционерлік қоғам тек атаулы акциялар шығаруға құқығы бар. Акция бөлінбейді. Соныдқтан да егер бір акцияны бірнеше адам сатып алса, олар қоғам алдында бір акционер деп танылады және өз құқықтарын бір өкіл арқылы жүзеге асырады. Қоғам жай және артықшылықты акциялар шығарады.