Курс пререквизиттері мен постреквизиттері 6 страница

Әрекет қабілеттілігі құқық қабілеттілігін жүзеге асырудың жалпы жағдайы болып табылады. Азаматтың толық көлемдегі әрекет қабілеттілігі ол 18 жасқа жеткен кезден басталады. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқық қабілеттілігін олардың заңды өкілдері жүзеге асырады. Құқық қабілеттілікті жүзеге асырудың барлық ерекше жағдайлары өздерінің табиғаты жөнінен заңдық фактілер болып табылады және оларды заңдық тұлғалардың құқық қабілеттілігі ұғымы қамтымайды, өйткені заңдар азаматтар мен басқа да жеке тұлғалардың құқық қабілеттілігі теңдігінің конституциялық принципінен туындайды.

Әрекет қабілеттілік адамның психикалық күйімен байланысы жоқ заңдық қасиет ретіндегі құқық қабілеттіліктен өзгеше, әрекет қабілеттілік онда айтарлықтай дамыған ақыл-ой мен еріктің болуына, өзінің іс-әрекеттерін саналы түрде сезініп, оларды игере білу қабілетіне байланысты. Сондықтан заң адамның әрекет қабілеттілігі толық көлемде кәмелетке толғанда, яғни ол 18 жасқа жеткенде басталады деп көрсетеді. Азаматтың әрекет қабілеттілігінің оның ақыл-ой мен ерік-жігері күйімен байланысы: 1-ден: кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттілігін шектеу қажеттігіне; 2-ден: олардың ақыл-ойы мен ерік жігерінің жетіспеушілігі салдарынан кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттілігін шектеу немесе одан айыру мүмкіндігіне әкеп тірейді. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмеген болса, кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттілігін шектеу тікелей заң актілерімен жүзеге асырылады, ал кәмелетке толғандардың әрекет қабілеттілігін шектеу- заң актілерінде көзделген жағдайларда тек сот арқылы шешіледі.14 жасқа дейінгі азаматтар әрекетке қабілетсіз болады. Сондықтан, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан ата-аналары, асырап алушылары немесе қорғаншылары мәміле жасайды. Әрекетке қабілетсіз кәмелетке толмағандар келтірген зиян үшін де осылар жауап береді. Сондай-ақ АК-ның 26-бабына сәйкес, жүйке ауруы немесе ақыл- есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін азамат әрекетке қабілетсіз деп танылуы мүмкін. Жүйкесінің бұзылуына байланысты азаматты әрекетке қабілетсіз деп тануды АІЖК- де көзделген тәртіппен сот қана шеше алады және бұл азаматқа қамқоршылық белгілеу үшін негіз болады.. Мәмілелерді әрекетке қабілетсіз және әрекет қабілеттілігі шектеулі адамдардың атынан олардың қамқоршылары мен қорғаншылары жасайды. Олар тек кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамдар болуға тиіс. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың мүдделерін қорғайтын қамқоршыларды, ал әрекет қабілеттілігі шектеулі азаматтардың мүдделерін қорғайтын қорғаншыларды арнайы мемлекеттік қамқоршылық және қорғаншылық жасау органдары тағайындайды.

2. Азаматтың есімі (АК 15- бап) - оны дараландырудың аса маңызды құралы болып табылады. Азамат өз есімімен құқықтарға ие болып, оларды жүзеге асырады. Заң есім ретінде азаматтың фамилиясын, өз есімін, қаласа әкесінің атын қоса алғанда, оның толық есімін түсінеді. Белгіленген тәртіппен берілген және құжаттарды (туу туралы куәлікте, жеке куәлікте, төлқұжатта және т.с.с.) жазылған есімнің ғана заңдық маңызы болады.

Жалпы ереже бойынша азаматтың фамилиясын, атын, әкесінің атын ауыстыруға оның өтініші бойынша рұқсат ету тәртібімен ол 16 жасқа жеткенде жол беріледі. Есімді ауыстыруға дәлелді себептер болғанда ғана рұқсат етіледіі. Азаматтың тұрғылықты жері оны дараландырып тұратын келесі белгісі болып табылады. Азаматтың тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекені оның тұрғылықты жері деп танылады. Тіркелімнің немесе тұрғылықты жерге мемлекеттік тіркелудің тек дәлелдемелік маңызы бар және олар өзімен-өзі заңдық тұрғылықты жерді көрсетпейді. Азамат тұратын үй немесе пәтер, осы мекеннің ауданы емес, нақ елді мекен ғана тұрғылықты жер деп танылады.14 жасқа жетпеген және басқаның қамқорлығында болатын адамдардың тұрғылықты жерінің заңдық ерекшеліктері бар. Мұндай адамдардың тұрғылықты жері тиісінше олардың ата-аналарының асырап алушыларының немесе қорғаншыларының тұрғылықты жері бойынша анықталады да, сондықтан қажетті тұрғылықты жері деп аталады.

3. Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы бір жыл бойы деректер болмаса, ол хабар-ошарсыз кетті деп танылуы мүмкін. Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы 3 жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда 6-ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, ол өлді деп жариялануы мүмкін. (АК-31 бап 1 тарау) Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану да, сондай-ақ оны өлді деп жариялау да мүдделі адамдардың өтініштері негізінде азаматтың іс жүргізу заңдарының ережелері бойынша сот арқылы жүзеге асырылады.

Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану бірқатар құқықтық салдарды туғызады. Бұлардың адамды өлді деп жариялаудың салдарынан айтарлықтай айырмашылықтар бар, өйткені олар бұл адамның тірі табылуының анықтығына сүйенеді. Соттың хабар- ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қамқоршылық тағайындауы- аса маңызды салдар. Мүлікке деген қамқоршылық оны хабар ошарсыз кеткен адамның мүдделері үшін қамқоршылыққа алудан тұрады. Сондықтан мүлікті пайдалану жөніндегі қамқоршының мүмкіндіктері оның меншік иесінің мүмкіндіктерімен салыстырғанда шектеулі болады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 28,31-баптарына сәйкес азаматты хабар ошарсыз кетті немесе өлді деп жариялаудың құқық режимі бекітілген. Азамат тұрғылықты жеріне 1 жыл ішінде оралмаса және ол туралы мүдделі адамдардың деректері болмаса, тұлғаны сот шешімімен хабар ошарсыз кетті деп тануға болады. Тұлғаның тұрғылықты жерінен кеткен нақты мерзімі белгісіз болған жағдайда келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап есеп жүргізілуге тиіс.

Сот адамның хабар- ошарсыз кетуі фактісін мойындағанға дейін оның мүлкіне қамқоршылық жасау екі жағдайда белгіленуі мүмкін. I- шіден: қамқоршыны мүдделі адамдардың өтініші бойынша қамқоршылық және қорғаншылық жасау органдары тағайындай алады. Екіншіден: АІЖК адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы өтінішті қабылдаған соң қамқоршылық және қорғаншылық жасау органына бұл адамның мүлкін қорғау үшін қамқоршы тағайындауды ұсыну құқығын көздейді. Азаматты өлді деп жариялау оның өлімі кезіндегідей салдар туғызады, атап айтқанда, оның мүлкіне мұрагерлік ашылады. Адамды өлді деп жариялау туралы соттың шешімі заңды күшіне енген соң азаматтық хал-ахуал актілерін жазу кітабына оның өлімі туралы жазылады да, тиісті куәлік беріледі. Хабар- ошарсыз кетті деп танылған немесе өлді деп жарияланған азамат өзінің тұрғылықты жерінде пайда болуы мүмкін немесе оның тұратын жері анықталуы мүмкін. Мұндай жағдайларда сот азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе өлді деп жариялау туралы өз шешімінің күшін жояды. Мұнда хабар- ошарсыз кетті деп тану туралы қабылданған шешім бұзылған адамның мүлкіне қамқоршылық жасау тоқтатылады.

4. Азаматтарды кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңды тұлға құрмайтын құқық субъектілігі, азаматтардың жалпы құқық субъектілігі секілді, тең болып табылады. Азаматтар өздерінің қалауы бойынша жеке кәсіпкерлікпен өздері немесе бірлесіп айналысуға құқылы. Азамат жеке кәсіпкерлікті өзіне меншік құқығы ретінде тиесілі мүліктің, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және оған билік етуге рұқсат беретін өзге де құқықтардың негізінде дербес жүргізеді. Бірлескен кәсіпкерлік азаматтар тобы заңды тұлға құрмай-ақ, азаматтардың меншік құқығы ретінде тиесілі мүліктерінің негізінде, осы мүлікті пайдалануға және оған билік етуге рұқсат беретін өзге де құқықтардың негізінде жүзеге асырады. Заң актілері азаматтардың жеке кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқық субъектілігін жүзеге асыру шараларын да көздейді. Мәселен, жеке кәсіпкерлер екі жағдайда міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс. Біріншіден, егер олар ұдайы жалданушы қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын болса. Екіншіден, салық заңдарына сәйкес есептеліп шығарылған жиынтық жылдық табыс жеке тұлғаларға заң актілерімен белгіленген жылдық жиынтық табыстың салық салынбайтын көлемінен артатын болса. Барлық өзге жағдайларда жеке кәсіпкер, өз қызметін тіркелусіз- ақ жүргізе алады, бірақ өзінің қалауы бойынша оны тіркеуге құқылы.

 

6- тақырып. Заңды тұлғалар.

Жоспар:

1. Заңды тұлға ұғымы мен белгілері.

2. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі.

3. Заңды тұлғаның пайда болуы және тоқтатылуы

4. Заңды тұлғаның түрлері.

 

1. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 33-бабына сәйкес заңды тұлғаларды оқшауланған мүлкі бар, міндеттері мен құқықтары бойынша дербес жауап бере алатын, азаматтық айналымда сот алдында жауапкер және талапкер бола алатын ұйымды заңды тұлға деп атаймыз.

Заңды тұлға құрылуы үшін оның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс.

Баланс дегеніміз заңды тұлғаның мүлік тіркейтін құжатты айтамыз.

2) заңды тұлғаның 4 белгісі бар:

1. Ұйымдық бірлік.

2. Оқшауланған мүлік.

3. Дербес мүліктік жауапкершілік.

4. Азаматтық айналымға өз атынан қатыса білуі.

Ұйымдық бірлік дегеніміз заңды тұлғаның құқық қатынастарға бір тұтас тұлға ретінде бір немесе бірнеше қатысушылармен ұжымдық құрылым құра отырып қатысуын айтамыз. ҚР-ның АК-нің ережесіне сәйкес 1 тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысы бола алады. Заңды тұлғаның қатысушылар көлемі оның құрылтай құжаттарында 41-бапқа сәйкес көрсетуге тиіс.

Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары дегеніміз оның жарғысы және құрылтай шарты.

Жарға дегеніміз заңды тұлғаның азаматтық айналымға қатысу үшін қолданылатын ережелер және қандай заңды тұлға түрін құрғандығы туралы мағлұмат беретін құжат.

Құрылтай шарты дегеніміз заңды тұлғалардың қатысушылары арасындағы қатынастарды реттейтін ішкі тәртіп бекітілген шартты айтамыз.Оқшауланған мүлік дегеніміз заңды тұлғалардың түрлеріне байланысты олардың дербес балансында көосетілген мүлік. Яғни олардың жеке меншігіндегі мүлкі заңды тұлғаның мүліктік оқшаулығын құрайды.

Мүліктік оқшаулығы бойынша заңды тұлға бухгалтерлік есептерін жүргізіп отырады. Бірақ мемлекеттік заңды тұлғалар мүліктік оқшаулығы бойынша мемлекет алдында жауапты болып саналады. Заңды тұлға таратылған немесе банкрот деп танылған жағдайда өз мүлік көлемінде міндеттемелері бойынша жауап береді.

Дербес мүлікттік жауапкершілік заңды тұлғалар құрылымына қарай өз мүлікі үшін сот алдында жауапты болып саналады.

Азаматтық қатынастарға өз атынан қатысу заңды тұлға (коммерциялық) құрылу кезінде оның міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткен фирмалық атауы, тауар белгісі және тауар шығарылатын жердің атауы белгіленуге тиіс. Заңды тұлға фирмалық атаумен қатар, тауарлық белгі, қызмет көрсету белгісі (сауда маркасы) секілді дараландыру құралдарын да пайдалануы мүмкін. Тауарлық белгі (қызмет көрсету белгісі) дегеніміз – бұл тіркелген ауызша, бейнелік, көлемдік немесе басқа да таңбалар, олар бір шаруашылық жүргізуші субъектілердің тауарларын немесе көрсететін қызметін басқа шаруашылық субъектілерінің осы тектес тауарлары мен көрсететін қызметінен айыруға мүмкіндік береді (1993ж. 18 қаңтардағы «Тауарлық белгілер, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығарылған орындарының атауы туралы» Заңының 4-бабы). Заңды тұлғаның даралану құралы ретіндегі тауарлық белгісі немесе қызмет көрсету белгісінің заңды тұлғаның өнімдерін тұтынушылар үшін де, заңды тұлғаның өзі үшін де зор практикалық маңызы бар. Мысалы, өндірушіге сапасыз тауары үшін шағым айтып, талап қою үшін қайырылу қажет болатын жағдайда тауарды дайындаушыны тауарлық белгі бойынша табу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, тауарлық белгі, тауарлық марка белгілі тауардың өндірушісін айыру құралы болып табылады. Тауарлық белгіге теңестірілетін қызмет көрсету белгісін негізгі міндеті қызмет көрсету болатын заңды тұлғалар тіркеп отырады. Тауардың шығарылған орнының атауы да заңды тұлғаны дараландыру құралы болып саналады. Қасиеттері едәуір дәрежеде табиғат жағдайларына немесе олардың шығарылатын жерлеріндегі адам факторларына байланысты болатын өнімдерді дайындайтын ұйымдар тауардың шығатын орнының атауын тіркеуге және пайдалануға құқылы. Тауарлық белгіден өзгеше, тауардың шығарылатын орнының атауын пайдалану құқығы айрықша құқық емес, оны сол жерде осындай тауар дайындайтын басқа заңды тұлғалар да пайдалануы мүмкін. Сонымен, заңды тұлға дегеніміз – бұл меншігінде, шаруашылықты жүргізу құқығында, оралымды басқаруында оқшауланған мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша осы мүлкімен дербес жауап беретін, азаматтық айналымда өз атынан әрекет ететін ұйым. Заңдар немесе құрылтай құжаттары арқылы құқықтың басқа субъектілері алдында арнайы уәкілеттіксіз (сенімхатсыз) өз атынан әрекет етуге уәкілетті заңды тұлғаның адамдары мен ұжымдық құрылымдары заңды тұлғаның органдарына жатады. Заңды тұлғаның органдары дара (директор, президент, басқарушы) не ұжымдық (алқалық) болуы мүмкін. Мысалы, жалпы жиналыс, басқарма, директорлар кеңесі және т.с.с. ұжымдық органдарға жатады. Заңды тұлғалардың органдарын тағайындау, сайлау түрлері мен тәртібін, олардың өкілеттіктерін заңды тұлғалардың жекелеген түрлері туралы заң актілері мен құрылтай құжаттары анықтайды. Заңды тұлғаның органы мүліктік қатынастарда дербес субъект ретінде емес, заңды тұлғаның атынан әрекет етеді. Сондықтан заңды тұлға үшінші тұлғалардың алдында өзінің органы құрылтай құжаттарында белгіленген өз өкілеттігін асыра пайдаланып қабылданған міндеттемелері бойынша жауап береді. Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан мүліктік және аумақтық оқшау бөлімшелері болып табылады. Филиалдар мен өкілдіктердің заңды тұлға мәртебесі болмайды. Филиалдың (өкілдіктің) оқшау өз мүлкі болмайды, филиалдың (өкілдіктің) мүлкі есепке алыну мақсатында жеке баланста тұрады, бірақ мұндай баланс дербес болмайды; мүліктік тұрғыдан алғанда филиал (өкілдік) өз атынан емес, оны құрған заңды тұлғаның атынан әрекет етеді және ең ақырында, ол дербес мүліктік жауап бермейді, оның іс-әрекеттері үшін заңды тұлға жауап береді. Заңды тұлғаның филиалы қызметтің барлығын немесе оның бір бөлігін атқарады. Өкілдік дегеніміз – бұл заңды тұлғаның атынан заңдық іс-әрекеттер жасайтын және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлғаның бөлімшесі.

Филиалдар мен бөлімшелер оларды құрған заңды тұлға бекітетін Ережелердің негізінде әрекет етеді. Филиал (өкілдік) туралы Ереже филиал ішіндегі қатынастарды және филиалдар (олардың ішкі бөлімшелері) мен негізгі заңды тұлға арасындағы қатынастарды: филиал қызметінің мақсаттары мен негізгі түрлерін, оның лауазымды адамдарын тағайындау тәртібін, олардың құзіретін, мүлікті филиалдан заңды тұлғаға және керісінше тапсыру тәртібін, оны бақылау түрін, филиал (өкілдік) қызметінің тоқтатылу жағдайларын анықтайды. Заңды тұлғардың кейбір түрлері үшін көзделген жағдайлардан басқа реттерде филиалдармен өкілдіктердің басшыларын заңды тұлғаның уәкілетті органы тағайындайды. Мәселен, қоғамдық бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдар мен өкілдіктерінің) басшылары қоғамдық бірлестіктің жарғысында және оның филиалдары немесе өкілдіктері туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланады (АК-ның 43-бабының 4-тармағы ). ҚР-ның аумағында орналасқан заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері заңды тұлғалардың құқықтарын иеленбестен есептік мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.

Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу филиалдармен өкілдіктер туралы ережелердің республика заңдарына сәйкестігін тексеруді, есептік тіркеуден өткені туралы куәлік беруді, осының нәтижесінде тіркеу нөмірін тапсыруды, филиалдармен өкілдіктер туралы мәліметтерді бірыңғай мемлекеттік тіркелімге енгізуді қамтиды. Филиал мен өкілдіктен еншілес және тәуелді заңды тұлғаларды айыра білу керек.

Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін орны тұрған жер оның тұрған жері деп аталады. Заңды тұлғаның тұрған жері оның құрылтай құжаттарында пошталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетіледі (АК-ның 39-бабының 2-тармағы), заңды тұлғаға арналған іскерлік және ресми хат-хабарларды қайта жөнелту керектігін дәл анықтау үшін заңды тұлғаның бланкілерінде, жасасатын шарттарының мәтінінде де осындай мәліметтер көрсетіледі. Заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарында өзінің іс-жүзіндегі мекен-жайының заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіміне енгізілген мекен-жайға сай келмейтініне сілтеме жасау құқығы жоқ. Бұл орайда үшінші тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттік тізілімге енгізілген мекен-жайынада, нақты мекен-жайына да пошталық және өзге де хат-хабарлар жіберуге құқылы (39-баптың 3-тармағы). Заңды тұлғаның тұратын жерін анықтаудың маңызы – оның тұрған жері тұлғаның құрылу және қызмет ету жағдайларын – тіркеуші органды таңдауды, несие берушілер заңды тұлғаға немесе заңды тұлға басқа тұлғаға талаптар қоярда сот органын таңдауды, міндеттемелердің орындалу орнын анықтайды (АК-ның 281-бабы), ал әртүрлі елдердің заңды тұлғалары қатысатын сыртқы экономикалық байланыстарда – қолданылатын құқықты таңдауға ықпал етеді. Комерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекетік кәсіп орын, шаруашлық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік коператив нысанында ғана құрылу мүмкін. Комерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акциянерлік қоғамдар ,тұтыну коперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылу мүмкін. Комерциялық емес ұйым кәсіпкерлік қызметпен өзінің жарғылық мақсаттарына сай келуіне қарай ғана айналаса алады. Комерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттік мекеме нысанында құрылуы мүмкін. Заңды тұлға Азаматтық Кодекстің, заңды тұлғалар түрлерінің әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негізінде жұмыс істейді. Мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, комерциялық ұйымдардың азаматық құқықтары болуы және заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрін жүзеге асыру үшін қажетті азаматтық міндеттерді атқаруы мүмкін. Заң актілерінде көзделген жағдайларда белгілі бір қызмет түрін жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшін басқа қызметпен айналысу мүмкіндігі болмауы немесе шектелуі мүмкін. Заңды тұлға тізбесі заң актілерінде белгіленетін жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол құрылған кезде пайда болып, оны тарту аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшін лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алған, оның қолдану мерзімі өткен немесе заң құжаттарында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады. Комерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекетік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекетік мекеме) құқық қабілеттігі Азаматтық Кодекс және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен белгіленеді. Сондай-ақ заңды тұлға өз қызметін жарғысы және құрылтай шарты негізінде, комерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрі жөніндегі жалпы ережелер негізінде іс - әрекет жасай алады.

2. Заңды тұлғаның құқық қабілеттері

Құқық қабілеттілік дегеніміз – бұл заң шығарушылардың нақты субъективтік азаматтық құқықтарды иелену және нақты субъективтік міндеттерді атқару жөніндегі жалпы қабілетін таныған ерекше заңдық қасиет екенін білеміз. Ал заңды тұлға азаматтармен қатар, мүліктік қатынастардың субъектісі болып табылатындықтан, ол құқық қабілеттілігіне ие болуға тиіс. Заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі олар мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап бір мезгілде пайда болады. Жалпы құқық қабілеттілігі бар азаматтардан өзгеше, заңды тұлғалардың арнайы құқық қабілеттілігі болады. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары және өз қызметіне байланысты қолданыстағы заңдарға сәйкес (АК-ның 35-бабы) және жарғылық міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылтай құжаттарына сәйкес міндеттері болуы мүмкін. Азаматтық құқықтар мен міндеттер заңдық фактілердің негізінде пайда болады. Заңды тұлғалар үшін мұндай фактілер ең алдымен мәмілелер болып саналады. Сондықтан заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігінің мазмұны аңықтауға ең алдымен заңды тұлға жасауға құқылы мәмілелерді, яғни жарғылық мақсаттарға сай келмейтін мәмілерді жасауға тыйым салатын. Заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі «рұқсат етілгеннен басқаның бәріне тыйым салынған» деген принципте бейнеленді. Нарықтық қатынастардың дамуы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметінде икемділіктің болуын талап етті, сондықтан Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі және оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер аңды тұлғалардың құқық қабілеттілігін ұлғайтты. Алайда кейбір заңды тұлғалардың, ең алдымен ,мемлекеттік кәсіпорындардың құқық қабілеттілігі арнайы сипатта болады. Мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар басым болатын кәсіпорындарға қарағанда, шаруашылық жүргізу құқығы бар кәсіпорындардың құқық қабілеттілігі айтарлықтай шектеулі болады (АК-ның 200-бабын, Мемлекеттік кәсіпорын туралы жарлық). Қазыналық кәсіпорындар арнайы, ерекше мақсаттарды жүзеге асыру үшін құрылатындықтан, құқық қабілеттілігі тар өрісті арнайы субъектілер болып табылады (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 3-тарауы).