Жараны айналдыра тігіс салу 1 страница

Егер өңдеу 48 сағаттан соң жүргізілсе, тіндерден қабыну белгілері болса да ерін, қабақ, мұрын қанаты, құлақ қалқаны, ауыз қуысының шырышты қабатына мұқият тігіс салуға болады. Беттің қалған бөліктеріне сирек түйінді тігістер салған жөн. Тіндер ақауланса, біріншілік хирургиялық өңдеумен бірге жергілікті тіндермен 1-шілік пластикалық ем жүргізу керек, бұл кейін болатын деформациялардың алдын алу мақсатымен жасалады.

Беттің жұмсақ тіндерінің үлкен тесілген ақауында, хирургиялық өңдеуді, теріні ауыз қуысының шырышты қабатымен көмкере тігумен аяқтайды. Бұл кейін ақауды пластикалық жабуға қолайлы жағдай жасап осы аймақтағы дөрекі тыртықтар мен өрескел деформациялардың түзілуінің алдын алады.

Құлақмаңы сілекей безі зақымданғанда, бездің паренхимасын, кейін оның капсуласын, фасциясын, теріасты майлы клетчаткасын және теріні мұқият тіккен жөн. Ал шығаратын өзегі зақымданса, оның ортаңғы кесіндісіне түтікше енгізіп, ауыз қуысына шығарады. Бұл ауыз қуысында толық сілекей жыланкөзінің түзілуіне мүмкіндік жасайды. Түтікті 15-20 күннен кейін алып тастайды.Кейде зақымданған түтіктің ұшын тефлонды түтікте тігуге болатынын ескерген жөн.

Науқас 72 сағаттан соң келсе, жарақатта іріңді қабыну дамиды, бұл кезде біріншілік (кеш) хирургиялық өңдеу жүргізеді және іріңді процессті тоқтататын ем жасайды: іріңдікті тіліп, қашыртқы-дренаждайды, жарақатты антибактериалды дәрілермен жуып-шаяды. Қабынған процессті жойған соң, ерте екіншілік тігіс салады. Жарақатқа міндетті түрде түтікше салады. Барлық жағдайда схема бойынша сіреспеге қарсы сарысу енгізу көрсетілген.

13.2. БЕТ-ЖАҚ АЙМАҒЫНЫҢ ЖАРАҚАТТАРЫ ЖӘНЕ ЗАҚЫМДАРЫНЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде жақ-бет аймағында кездесетін жарақаттар мен зақымдануларды зерттей отырып Д.А.Энтин және Б.Д. Кабаков 1951 жылы олардың жіктелуін ұсынды. Бірақ, осы уақыт аралығында көптеген терминдер, келіп шығуы-этиологиясы, сипаттамасы, бейбіт уақытта болатын жарақаттардың құрамы өзгерді. Осыған байланысты С.М.Киров атындағы соғыс-медициналық академиясының бет- жақ хирургия кафедрасының ұжымы, жоғарыдағы жіктелу мен Ю.И. Бернадский, П. 3. Аржанцев, Т. Л. Лурье, Ж.Б.Оразалин т. б. ғалымдардың ұсыныстарын негізге ала отырып, 1984 жылы жаңа жіктелу нобайы қолданысқа енді (клиникада).

Жақ-бет аймағының жарақаттануы мен зақымдануының жіктелуі:

І. Бет аймағының жоғарғы, орталық, төменгі бөліктерінің жарақаттары:

1. Орналасуы бойынша;

А.Жұмсақ тіндердің жақ-бет аймағындағы мүшелермен бірге жарақаттануы: а) тілдің; б) сілекей бездерінің; в) ірі жүйкелердің; г) ірі қан тамырларының.

Б. Сүйек зақымдары: а) төменгі жақ; б) жоғарғы жақ; в) бет сүйегі; г) мұрын сүйектері; д) екі және онан көп сүйектер.

2. Жарақаттар түрі бойынша: тесіп өткен, соқыр, жанай тиген, ауыз қуысына енген және енбеген, жоғарғы жақ және мұрын қуыстарына енген.

3. Зақымдаьгудың механизмі бойынша: оқпен, жалғыз оқпен, жарқыншақпен, бытырамен, ине тәріздес заттармен.

II. Аралас зақым.

ІІІ. Күйіктер.

IV. Ісіктер.

Ескерту.Зақымдану келесі түрде кездесуі мүмкін: жеке, жеке- көптеген, жеке- қосымша (бастысы және қатар жүретін), қосымша көптеген (қатар жүретін және бастысы).

Халықаралық статистикалық жіктелуі.

Себебі бойынша:

I. Өндірістік:

А. өнеркәсіптік: а) химиялық; б) металлургиялық т. б.

Б. Ауыл шаруашылық: а) техникалық; б) мал шаруашылық.

II. Өндірістен тыс: а) тұрмыста; б) көшеде; в) көлікте; г) спортта; д) басқа жағдайда.

Егер зақым өндірістен болса, онда жұмыстан босату қағазы (бірінші күннен бастап беріледі. Өндірістен тыс жағдайда зақымданса, алтыншы күннен (алдыңғы 5 күнге Ф-095-/У түрдегі-формалы анықтама беріледі. Мас болған жағдайда барлық емделген күндерге Ф-094-і/У түрін-формасын береді.

Сынық түрі бойынша:

а) сынық санына байланысты, жалғыз, екі және көп жерден;

б) сынық бағытына байланысты: қисық, ұзына бойы, көлденең, иректелген, доға тәріздес т. б.;

в) күш түскен жерге байланысты: тура, тура емес, жұп (тура сынық күш түсірген жерде пайда болады, ал одан қарама-қарсы жақта болса оны тура емес сынық) деп атайды. Жұп сынық күш түсірген жерде және қарсы жағында болады;

г) механизміне байланысты (А. Э. Рауэр): шектен тыс майысудан, қысымнан, ығысудан, жұлынудан;

д) жарқыншақтың ауытқуына байланысты: алғашқы, кейінгі, қайта ауытқу деп бөлінеді.

Жарқыншақтың алғашқы ауытқуына, тиген күштің орнына, бағытына және күшіне байланысты болғандықтан, оның дәрежесін нақтылы білу қиын. Өйткені күштің тиген жерін ғана байқауға болады, ал бағыты мен күші, белгісіз. Сондықтан дәрігер алғашқы ауытқуды тек болжамдайды.

Кейінгі ауытқу жарқыншақтағы бұлшықеттердің жиырылуына және өз салмақтарының жылжуына байланысты. Бұл ауытқуды дәрігер нақты білуі қажет. Өйткені бұлшықеттердің басталып, аяқталатын жерлерін білумен қатар, олардың жұмыстарын толық білу қажет.

Қайта ауытқу сынықты орнына салып, бекітіп емдеу барысында пайда болады. Оның себептері: науқастардың ем тәртібін бұзуы, дәрігерлердің ем әдісін дұрыс қолданбауы.

ж) Жарқыншақтар ауытқуы мен қозғалуына байланысты (С.С.Тигерштедт): қозғалатын, майысып қозғалатын, қиын қозғалатын, бір-біріне кірген, алынбайтын болып бөлінеді.

е) Ашық және жабық сынықтар.

Ашық сынықтар егер сүйек жарасының сыртпен қатынасы болса және ол тек тіс қатарында кездеседі, ал жабық- сыртпен қатынасы болмаған және ол тек тіс қатарында кездеспейтін жағдайда болады.

Сынық-сүйек бүтіндігінің бұзылуы. Ол жарақаттық (зақымдану) және патологиялық болып бөлінеді. Сынық сүйекке өзінің пластикалық мүмкіншілігінен артық күш түсуі әсерінен пайда болады. Осы жағдайда сүйекпен қосыла жұмсақ тіндер де жарақаттанады.

Барлық адам қаңқасының ішінде бет-жақ аймағы сүйектерінің сынықтары 3,2%-тен 8%-ке дейін кездеседі.

Оның ішінде орташа есеппен 80-85 %-ы төменгі жақ сүйегінің үлесіне тиеді. Себептері:

1) Төменгі жақ сүйегі қозғалмалы сүйек. 2) Құрылысы шеңбер тәріздес тұйық болғандықтан жаққа тиген күш шеңбер бойымен тарала отырып ең осал жерінде сынады. 3) Бұл сүйек ашық жерде орналасқан, сондықтан барлық зақым осы сүйекке келеді. Жоғарғы жақ сынығы мұрын, шықшыт, сүйектерімен қосылып 12% болады.

Себебі:

1) Жоғарғы жақ сүйегі ми-бассүйек тереңінде (артында) және басқа сүйектерінің қоршауында орналасқан. Мысалы, жоғарыда маңдай, екі жағында шықшыт, алдында мұрын, астында төменгі жақ сүйектері.

Жоғарғы жақ сүйегін сындыру үшін күш алдынан артқа қарай бағытталып үлкен пәрменмен берілуі қажет (балтаның шүйдесімен т. б.)

Жоғарғы және төменгі жақтың қосылып сынуы 8% көлемінде. Бұл орташа статистикалық есеп студенттер үшін беріліп отыр.

Мысалы Ж.Б. Оразалиннің (1981) ғылыми деректері бойынша, Қазақстан Республикасында бір жыл ішінде 3,5 мың адамдардың төменгі жағы сынған. Оның ішінде 1-2-ші орынды Алматы, Қарағанды, Павлодар қалалары бөліседі.

 

13.3. ЖОҒАРҒЫ ЖАҚ СҮЙЕК СЫНЫҚТАРЫНЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Беттің орталық аймағының сыну механизміне, сүйек кемігінің арка тәріздес құрылысы және контрфорстардың (сүйектің қатты қабығының қалыңдауы) болуы үлкен әсерін тигізеді. Бұл маңайда 4 контрфорс бар.

1) Мұрын-маңдай контрфорсы ұяшық өсіндінің алдыңғы жағынан басталып жоғары жақ сүйегінің маңдай өсіндісімен көтеріледі.

2) Ұяшық контрфорсы жоғарғы үлкен азу тістерден басталып шықшыт альвеолды жотасы арқылы шықшыт сүйегіне және оның өсінділеріне тарайды.

3) Артқы контрфорс жоғарғы жақ төмпешігін негізгі сүйектің қанатша өсіндісіне қосады.

4) Таңдай контрфорсы мұрын түбіндегі екі астауша тәріздес сай арқылы мұрын-маңдай контрфорсымен жалғасады.

Жоғарғы жақ сүйегі бір-бірімен орталық сызық арқылы байланысып, ауыз, мұрын, көз қуыстарын жасауға қатынасады. Ол сүйектің ішінде гаймор қуысы орналасқан, оның қабырғалары кілегей қабықпен қапталған. Жоғаргы жақ сүйегінде бірнеше осал жерлер бар. Зақымдалған уақытта осы жерлерде сынық пайда болады. Оны зерттеген француз ғалымы Ле Фор (1901 ж.) Сондықтан бұл сынықтарды осы ғалымның есімімен атайды.

Ле-Фор жоғарғы жақ сынығын 4 түрге бөледі.

I. (Ле-Фор-I төменгі нұсқасы). Сынық бағыты жоғарғы жақ ұяшық өсіндінің негізінен көлбеу жазықтықта, алмұрт тәріздес тесіктің астымен, гаймор қуысының төменгі қабырғасымен, жоғарғы жақ төмпешігімен, негізгі сүйектің қанатша өсіндісі арқылы өтеді. Сынық екіжақты.

Мұнда жоғарғы жақтың ұяшық өсіндісі екі жағынан, жоғарғы жақ сүйегінің денесінен ажырайды(75-сурет).

 

75-сурет. Жоғарғы жақ сүйгенін Ле-Фор І бойынша сынығы

II. (Ле-Фор-II орталық нұсқасы). Сынық маңдай сүйегінің мұрын өсіндісімен мұрын сүйегінің қосылған жерінен (жігінен) басталып көз қуысының ішкі қабырғасы арқылы көзасты астаушысына келеді. Осы жерден алға қарай жоғарғы жақ сүйегімен шықшыт сүйегінің қосындысы және негізгі сүйектің қанатша өсіндісі сынады. Бұл жағдайда жоғарғы жақ, мұрын сүйектерімен қоса шықшыт және бас сүйектерінен ажырайды. Торлы сүйек сынып оның клеткалық өсінділеріне жабысқан ми қабығы жыртылады, яғни бас қаңқасының негізі сынуы мүмкін (76-сурет).

76-сурет. Жоғарғы жақ сүйегінің Ле-Фор IІ бойынша сынығы

III. (Ле-Фор-III жоғарғы нұсқасы). Сынық жолы маңдай сүйегімен мұрын сүйегінің жігінен басталып көз қуысының ішкі, төменгі сыртқы қабырғалары арқылы өтіп шықшыт-маңдай сүйектерінің жігімен сынады.Артқы жағынан негізгі сүйектің қанатша өсінді мен шықшыт сүйектің

 

 

77-сурет. Жоғарғы жақ сүйегінің Ле-Фор ІІI бойынша сынығы

доғасы арқылы өтеді. Сөйтіп жоғарғы жақ, мұрын, шықшыт сүйектері бас қаңқасынан ажырасуы немесе суббазальды (А. Э. Рауэр) сынық деп атайды (77-сурет).

Осындай сынықтар кезінде бас қаңқасының негізі сынады.

IV. (Ле-Фор-Герен). Жоғарғы жақтың ұяшық өсіндісінің бір жақты сынығы.

Ескеретін жағдай, жоғарыдағы Ле-Фор сынық сызбасы барлық сынық түрлерін қамти алмайды. Мысалы, жоғарғы жақ сынығы біржақты, бір жағында Ле-Фор II, екінші жағы Ле-Фор III т. б. аралас түбірлері кездесуі мүмкін.

13.4. ТӨМЕНГІ ЖАҚ СҮЙЕК СЫНЫҚТАРЫНЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Бейбітшілік уақытта (оқсыз зақымданғанда) төменгі жақ тұйық доға тәріздес болғандықтан, сырттан тиген күш сол тұйық шеңбер арқылы тарап оның белгілі бір жерлері сынады. Осындай жер әдеттегі сынатын немесе сүйектің осал жері не болмаса доғаның ең көп иілген бұрышы деп аталады. Олар орталық жік, 3/3 тіс ұялары, төменгі жақ бұрышы және төменгі жақ буын өсіндісі (78-сурет).

Орталық сызықта жақтың екі бөлігі қосылады. Ол жік өте қатты болғандықтан сынық оның оң немесе сол жағынан 1-2 мм ауытқиды.

3/3 тіс түбірі жуан және ұзын, маңындағы жақ сүйегі жұқа,

сондықтан көбіне осы жер сынады.

Сынықтың төменгі жақ бұрышында болу себебін екі түрлі ғылыми көзқараспен дәлелденді: 1) Төменгі жақ доғасының ең үлкен иіні осы жерде орналасады, 2) Осы жерде өсу аймағы орналасқандықтан сүйекте кальций, фосфор қышқылдарының тұздары аз.

Жақ сүйегінің буын өсіндісі төменгі жақ доғасының ең жіңішке жері болғандықтан, көбінесе осы жердің сынығы кездеседі.

Төменгі жақ сынықтары біржақты, екіжақты, жалғыз, екі жерден және бірнеше жерден деп бөлінеді.

 

78-сурет. Төменгі жақ сүйегі сынатын осал жерлерінің жобасы

Тіс қатарындағы сынықтар ашық жарақаттар қатарына жатады. Өйткені ұяшық өсіндісіндегі шырышты қабық сүйек қабығымен тығыз байланыста. Бұл қабықтар сүйек сынғанда жыртылып, сүйек жарасы инфекция көзі болып есептелетін ауыз қуысымен байланысады. Сонымен қатар, сүйек сынықтарының аралығындағы тістер инфекция көзі болып табылады. Сондықтан бұл сынықтар асқынбас үшін инфекцияға қарсы күрес жүргізіп және барлық науқастарды сіреспеге қарсы егу керек.

Жұмсақ тіндер жыртылып жарақаттанбаса, тіс қатарынан тыс сынықтар көбінесе жабық жарақаттар қатарына жатады.

Төменгі жақсүйек сынуының механизмі.Төменгі жақ сүйегінің сынуы шектен тыс майысудан, қысымнан, ығысудан, жұлынудан болады. Сынықтар келесі нұсқаларда кездеседі: 1) Күш төменгі жақ сүйегі бүйірінің бір нүктесіне түссе тура сынық пайда болады. Кей жағдайларда осы сынық қарама-қарсы жағында тұра емес, буын өсіндісі қосымша сынуы мүмкін. 2) Күш төменгі жақ бүйірінің көлемді жеріне түссе, буын өсіндісінен немесе бұрышынан тура емес сынады. 3) Күш төменгі жақтың екі бүйірінен үлкен көлемде тисе, тура емес сынық орталық жікте де пайда болады.

4) Күш төменгі жақтың екі бүйіріней симметриясыз тисе тура емес

сынық иек маңында және қарама-қарсы жағынан буынды өсінді сынады.

5) Күш төменнен жоғары қарай шектен тыс тисе буынды өсінді екі жағынан сынады.

Осымен, егер сынық шектен тыс майысудан пайда болса, онда шамалы аумаққа түскен күш әсерінен тура, үлкен аумаққа түскен күш әсерінен тура емес сынық пайда болады.

Қысым механизмі.Егер екі күш бір-біріне қарсы бағытталса, сүйек тіндері қысымға түседі (компрессия). Күш төменгі жақ бұрышынан көлемді аумақта төменнен жоғары бағытта соғылса, сүйек шықшыт буыны мен төменгі жақ бұрышының арасыңда қысылады. Осындай жағдайда жақ өсіндісінің ортасы көлденең сынады.

Ығысу механизмі.Күш түскенде сүйек тірегі бар жерімен салыстырғанда, тірегі жоқ жері ығысып сынады. Егер күш көлемі аз жерден төменгі жақ бұрышынан жоғары қарай тәж тәріздес өсіндіге бағытталса тірегі бар буын өсіндісі орнында қалып, тірегі жоқ жақ өсіндісінің алдыңғы жағы (тәж өсіндісімен қосылса) ұзына бойы ығысып сынады.

Жұлыну механизмі.Ауыз жабық кезінде жоғарыдан төменге қарай иекке соққанда төменгі жақ өсіндісінің тәж өсіндісі жұлынып сынады. Бұл сынық түрі өте сирек кездеседі. Тәж өсіндісіне тіркелген самай бұлшықетінің жиырылуынан деп есептелінеді.

 


Сурет-79. Жақтың сынығы кезінде сүйек бөліктерінің орнынан

ауытқулары.

а- төменгі жақ денесі;

б- төменгі жақтың бұрышы;

в- төменгі жақтың екі жақтық бұрыш аймағы;

г- төменгі жақтың екі жақтық иек аймағы.

13.5. Жақ сүйектері сынықтарының клиникасы

Медициналық травматология саласындағы негізгі сынықтар жіктелуі олардың клиникалық көріністері бір-бірімен байланысы бір заңдылыққа бағынады. Сондықтан, бұл оқулықта осы заңдылықты қолдана отырып жақ-бет аймағы травматологиясының жіктелуі және клиникасы жеке қаралып отыр. Өйткені барлық сүйектер сынығының клиникасы ортақ болады. Бірақ әр сүйекке тән өзіндік негізгі белгісі бар.

Травматологияда барлық адам сүйектері сынығының жалпы клиникалық белгілерін келесі бес топқа бөледі;

1). Жергілікті-локальды ауыру сезімі.

2) Патологиялық қозғалыс.

3) Сынықтың ауытқуы.

4) Сықырлау.

5) Сүйек жұмысының бұзылуы.

Осылардың ішіндегі әрбір сүйек сынығына тән өзіндік белгілері сол сүйек сынығының негізгі клиникалық белгісі болады. Бұл басқа сынық белгілерімен қосылып отыратынын еске сақтау қажет.

Төменгі жақ сүйегі сынығының клиникасы және нақтамасы.Төменгі жақ сүйегі доға тәріздес қозғалмалы тығыз сүйек. Екі симметриялы бөліктен тұрады. Сүйек тығыз тінінен құралып, аралығында аздаған кемік тіндері болады. Денесі жоғары қарай ұяшық өсіндіге ұласып, тіс ұясының қабырғаларын құрайды. Ұяшық өсіндінің қабығы сүйек қабығымен тығыз байланысып, қозғалмайды. Төменгі жақ сүйегінің ішінде қан тамыры және төменгі альвеолды нерв жүретін өзегі бар. Ми сауытымен бұл сүйек самай-төменгі жақ буыны арқылы байланысады.

Сынықтың қай жерде болуына және оның түріне байланысты аурулардың шағымдары әртүрлі болады. Барлық жағдайда да олар төменгі жақтың анық бір жерінде пайда болатын ауыру сезіміне шағым жасайды.

Бұл жақ қозғалысында, тамақты тістегенде және шайнағанда ұлғая түседі. Кейде төменгі еріннің сезімталдығы жойылады (бұл жүйке қан тамырларының қысылуына немесе үзілуіне байланысты). Тістеу бұзылып және ауыздан қан ағуы ықтимал. Осылармен қатар бас айналып, ауырып, құсқысы келеді, кейде құсуы мүмкін.

Аурудың тарихын-анамнез жинаған кезде зақым қандай жағдайда, қашан, қайда, қай уақытта болғанын анықтау қажет. Осылармен қатар, ми мен бас қаңқасы негізінің бұзылуын (естен айырылу, құсу, жүрегі көтерілу, құлақтан қан кету, ретроградтық амнезия т.б.) анықтаған жөн.

Бұл мәліметтер нақтама қоюға, емдеуге керектігімен қатар, еңбектен босату құжаттарын бергенде, заң қорғау және мемлекеттік сақтандыру орындарына қажет болуы мүмкін. Сондықтан олар сырқатнамаға толық жазылуы қажет.

Нақты-объективті тексергенде науқастың жалпы жағдайын ағзалар мен жүйелерді тексеру (есін, тынысын, тамыр соғысын, қан қысымын, ішін пальпация арқылы тексеру, басқа ішкі мүшелерін тексеру) арқылы оның жалпы жағдайын білу қажет. Басқа аймақтардың зақымдануын тексеру қажет.

Аурудың бет-жақ аймақтарын сырттан қарағанда оның түрі-формасы, жұмсақ тіндердің зақымнан пайда болатын домбығудан, қанталау-гематомадан, иектің ауытқуынан, өзгеруі мүмкін. Бет терісінде қанталау, сыдырылу және жара болулары мүмкін.

Төменгі жақты сипау-пальпация жасағанда жоғарыдан ортаға немесе орталықтан жоғары қарай саусақтарды төменгі жақ сүйегінің төменгі жиегімен жүргізу керек. Сипау-пальпацияны жақтың сау жағынан бастаған жөн. Бұл кезде ауыратын нүктесін, сүйек жарқыншағы жоқ жерін, ісік немесе қанның ұюын-гематоманы анықтауға болады.

Дәрігер саусақ ұшын құлақ құсына енгізіп төменгі жақты төмен және оңға, солға бұру арқылы буын басының қозғалуын байқауы керек. Немесе буын басының қозғалуын құлақ алдынан сипап байқауға болады.

Осыдан кейін ауыратын нүктені анықтау үшін ауыру белгісін тексеру керек. Ол үшін: 1) Оң алақанды иекке қойып алдынан артқа қарай төменгі жақты итереді. 2) Екі алақанды жақ сүйегінің екі жағына тіреп бір-біріне қарай қысады. 3) Бас бармақтарды төменгі жақ бұрышының екі жағына қойып, төменнен жоғары қарай (буын өсіндісіне қарай) ептеп басады.

Егер төменгі жақ сынған болса дәрігердің салған күшінен сынған жер ауырады, оны науқас бір саусағымен дәл көрсетеді. Әдетте, бұл жердің нүктесі бұрынғы сипау-пальпация жасаған кезде анықталған сүйек жарқыншағының жылжыған жері мен жұмсақ тіннің қанның ұюын- гематомасына сәйкес келеді.

Төменгі жақ сынғанда иек сынған жаққа қарай ауытқиды. Ине арқылы ерін иек терісінің сезімталдығын екі жағынан анықтау қажет. Егер төменгі ұяшық жүйкесі үзілсе, сыйған жақта сезімталдық жойылады.

Осыдан кейін ауыз қуысын тексереді. Науқас аузын ашқанда оның тербеліс құлашы-амплитудасы азайып, иек сынған жаққа ауытқиды, жапқанда орталық сызық сынық жаққа ауысады, бұлар сынық белгілері болып есептеледі. Жақ сүйегі сынған жағдайда ауыз қуысының, әсіресе ұяшық өсіндінің кілегей қабығы қанталап жыртылуы мүмкін. Тісті ұрып көргенде-перкуссия жасағанда сынық аралығындағы тістер ауырып, тістестіру өзгереді. Тістестірудің өзгеруі сынық ауытқуынан болса, ал оның мөлшері негізінде ондағы бұлшықеттерге байланысты.