НОМА НЕМЕСЕ СУЛЫ РАК 3 страница

Ультрадыбысты нақтама әдісі.Бұл тәсіл организм ағзалары мен тіндердің акустикалық параметрлерін көзбен бағалап тексеруге негізделген және әртүрлі ағзалар мен тіндердің пішіні, көлемі, морфологиялық құрылысы туралы мәлімет береді. Ең бастысы науқастарға арнайы дайындықты қажет етпейді, әрі қауіпті емес.

Бұл әдісіті жүргізу үшін, ультрадыбысты нақтамалық УЗД-4 (УЗД-5) аппараты қажет. Оның жұмысы пьезоэлектр әсеріне негізделген.

Сілекей бездерінің қабынуы ағымы бойынша жедел және созылмалы болады.

 

 

12.1.1. Жедел ағымды эпидемиялық паротиттер

Бұл вирусты контагиозды ауру. Қоздырғышы— 1934 жылы Джонсон және Пудпасчер ашқан сүзілетін вирус.

Балалар бақшасы мен мектеп жасындағы балалар (5-10) және жас кезінде ауырмаған ересек адамдар ауырады.

Бұл ауруға мерзімдік сырқаттану тән — көктем, қыс айларында жиі

кездеседі. Продромалды кезеңі 3 аптаға дейін созылады. Бұл кезеңде науқастар әлсіздікке, тәбетінің жоқтығына шағымданады.

Инкубациялық кезең өтісімен, құлақ маңындағы бір немесе екі безі, төменгі жақасты бездері немесе барлық сілекей бездері де ауруға шалдығуы мүмкін.

Сілекей бездерінің ұлғаюымен беттің әлпеті осы ауруға тән өзгереді, осыған байланысты бұл «свинка» деген атқа ие болған.

Жұтынғанда ауырып, оның құлақ маңына таралуы, тамақтанар алдында ауыру сезімінің үдей түсуі (немесе тамақты көргенде), басты қимылдатқанда ауыруы осы ауруға тән. Эпидемиялық паротиттің тұрақты белгісі-дірілдің, безгектің болуы. Безгектің ұзақтығы 5-7 күн. Бездер ұлғайған, сипап тексергенде ауру сезімі болады. Эпидемиялық сиалоадениттерде үш нүктеде: құлақ сырғалығы жанында, емізікше өсінді аймағында және төменгі жақ өсіндісінің жарты ай ойығы аймақтарында ауыру сезімінің болуы тән. Ауыздың ашылуы қиындайды. Ауыз қуысының шырышты қабаты күңгірттеніп, сілекей бөлінуі нашарлайды, сілекей безінің оның шығару түтігінің ашылған орны қызарып, ісінеді.

Ауру ағымына байланысты үш түрге: жеңіл, орташа және ауыр болып бөлінеді.

Аурудың ауыр түрінде науқастың жалпы жағдайы нашарлайды, дене қызуы 39-40°С, бездегі ауыру сезімінен басқа, буындардың, аяқ бұлшықеттерінің, жүрек аймағының ауыруы, брадикардия, қан қысымының төмендеуі болуы мүмкін.

Аурудың жедел кезеңі 4 күннен 10 күнге дейін созылады, 5-ші күннен бастап дене қызуы төмендеуі, жалпы жағдайының жақсаруы, без көлемінің кішіреюі байқалады.

Ауру тұрақты иммунитет береді. Айығуы 2-4 аптадан соң басталады.

Аурудың асқынуы.Бездің іріңдеп еруі, жыланкөз пайда болуы мүмкін. Қабыну кезеңі ортаңғы құлаққа, көру мүшелеріне өтуі мүмкін.

Эпидемиялық сиалоадениттердің жиі болатын асқынулары: балаларда орхит, әйелдер мен қыздарда мастит, жедел панкреатит, нефрит және т.б.

Ажырату нақтамасы.Оны бірінші кезекте Р.Л.Герценбергтің жалған паротитімен жүргізу қажет, ол ақыл тістің қиналып жарып шығуына байланысты құлақмаңы сілекей безінің бір жағынан капсула ішінде орналасқан лимфа түйіндерінің қабынуынан пайда болады. Жалған паротит кезінде сілекей бөліну қызметі бұзылмайды. Бұл ауру сілекей безінің паренхимасының не болмаса шығару түтігінің ауруы емес, бұл негізінен лимфаденит болып табылады.

Паренхиматозды паротит эпидемиялық паротиттен ұзақ созылмалы жиі асқынулары болып тұруымен өзгешеленеді. Жалпы бір жақта болады.

Микулич ауруында барлық сілекей және жас бездері ауруға ұшырап, созылмалы түрде жүреді.

Емі.Симптоматикалық және жалпы әлдендіретін — сульфаниламидтер, ауыр жағдайда антибиотиктер, сілекей бөлінуін реттеуші дәрі-дәрмектер, термопсис, «А» және «С» тобындағы витаминдер, сұйықтықты көп мөлшерде қабылдау, ауыз қуысын сауықтандыру, без аймағына жылы компресстер қолдану керек.

Без іріңдеген жағдайында хирургиялық ем көрсету қажет.

 

12.1.2. Жедел ағымды эпидемиялы емес паротит

Бұл ауру бездердің іріңдеуіне алып келеді және өте ауыр түрде жүреді, созылмалы қабынуға өтуі де мүмкін.

Аурудың жергілікті себептеріне: бөгде заттың енуі, сілекей тастарының пайда болуы, жұқа жаралар-афтозды және жаралы стоматиттер, бездің жарақат алуы, қабыну кезеңдерінің көрші аймақтардан өтуі жатады.

Жалпы себептері: инфекциялық аурулар, іш қуыстарына жасаған оталар, сусыздануға алып келетін аурулар.

Клиникалық көріністері.Жедел эпидемиялы емес паротиттер клиникалық ағымына қарай серозды, ірінді және гангренозды деп бөлінеді.

Бұл ауру кезінде науқастар ауыз қуысының құрғақтығына, жалпы әлсіздігіне, дене қызуына, құлақалды маңында қатты ауыру сезімінің болуына, оның тамақтанар алдында үдей түсетініне шағымданады.

Қарап тексергенде, құлақ маңындағы ұйыспа-инфильтраттан пайда болған беттің асимметриясы анықталады (екі жақтық сирек). Ұйыспа-инфильтраттың әсерінен құлақ сырғалығы көтеріліп тұрады. Аурудың жедел серозды кезеңінде ауыздың ашылуы шектелмеген, шығару түтігінің ашылған орны қызарған, ісінген. Құлақмаңы сілекей безіне массаж жасағанда сілекейдің бөлінуі байқалмайды, кейде күңгірт-шырышты сұйық бөлінуі мүмкін. Содан кейін кезеңнің кері дамуы басталады, без маңындағы ұйыспа-инфильтраттың ісігі қайтып көлемі кішірейеді, ауыру сезімі төмендейді, сілекей мөлшері қалыптағыдай болады.

Жедел серозды паротит іріңді түріне өткенде безде қабыну кезеңі өте тез дамиды.

Бездің тығыз капсуласының болуынан ірінді жалқықтың теріасты клетчаткасына шығуы қиындайды, осының әсерінен ауыру сезімі күшейе түседі. Құлақмаңы сілекей безі аймағындағы ұйыспа-инфильтраттың көлемі ұлғайып, жұмсақ тіндерде ісіну пайда болады. Ұйыспа-инфильтрат бетіндегі тері қабаты қызарған, қатпарға жиналмайды. Ауыздың ашылуы шектеледі. Шығару түтігінен көп мөлшерде ірің бөлінеді. Без капсуласы іріндеп ерігенде, былқылдау-(флюктуация) болады. Құлақмаңы сілекей безі аймағында пайда болған жұмсақтану ошақтары өз бетімен ұрттың тері қабатына немесе сыртқы дыбыс жолына ашылуы мүмкін. Іріңді паротиттің кері дамуы 12-15 күннен кейін басталады. Қабыну кезеңдері басылып ауыру сезімі төмендейді және тамақтанар алдында ауырмайды, науқастың жалпы жағдайы жақсарып, тамаққа тәбеті ашылады, дене қызуы қалыпты жағдайға келеді. Без маңындағы ұйыспа-инфильтрат кішірейіп, жоғала бастайды, Сілекей бөліну қызметі қалыпты жағдайына түсіп, мөлдірленеді, жыланкөздер жабылады. Паротиттің гангренозды түрінде тіндердің көлемді некрозы және науқаста ауыр септикалық жағдай болады. Бет веналарының тромбозы мен флебиттер дамып, ми синустарына өтуі мүмкін.

Ажырату нақтамасы.Жедел іріңді паротит ұрт, самай аймағындағы, шайнау еті астының кеңістігіндегі флегмоналардың клиникасына ұқсас, бірақ сілекей безінің қызметі бұзылмайды, шығару түтігінен мөлдір сілекей бөлінеді.

Жедел эпидемиялық паротиттен жедел эпидемиялық емес паротиттің айырмашылығы, оның жиі бір жақта және ересек адамдарда болуы. Қандағы эритроциттердің тұнбаға түсу жылдамдығының жоғарлауы, лейкоцитоз, нейтрофильдер санының жоғарылауының солға жылжуы байқалады.

Емі.Жедел паротит кезіндегі емдеу шаралары аурудың сатысына байланысты жүргізіледі. Қабынудың серозды түрінде науқас сілекей бөлінуін жоғарлататын диета және тамақтанар алдында пилокарпин гидрохлоридтің 1% ерітіндісін 6-8 тамшы қабылдау қажет. Тамақтанып болғаннан соң ауыз қуысын сілтілік ерітінділермен шайған дұрыс. Сілекей безі аймағына физиотерапевтикалық ем, әлсіз жылулық бактерицидтік әсері бар УЖЖ — терапия қабылдауы, күндіз құрғақ жылы, ал түнге қарай камфор майымен жылы компрестер жасау және күнделікті шығару түтіктері жүйесін антибиотиктердің 0,5% новокаиндегі ерітіндісімен немесе протеолитикалық ферменттермен жуып-шаю жақсы емдік әсер береді. Егер қабыну кезеңі өрши түссе, онда микрофлораның сезімталдығын анықтап, антибиотиктер тағайындалады. А.В.Вишневский әдісі бойынша тосқауыл-блокада жасау, яғни құлақмаңы сілекей безінің аймағында орналасқан ұйыспа-инфильтрат төңірегіне антибиотик қосылған новокаиннің 0,25% ерітіңдісін енгізеді.

Егер қабыну кезеңі іріңді немесе гангренозды түріне өткен болса, онда улануға қарсы жалпы әлдендіру және симптоматикалық емдерден басқа, бет жүйкесі талшықтарының орналасуын-топографиясын есепке ала отырып тіліктер жасау көрсетілген.

Алдын алу.Ауыз қуысының тазалығын сақтау, сілекей бөлінуін жоғарылатып тітіркендіргіш тағамдар (қышқыл тамақ) немесе пилокарпиннің 1%ерітіндісін күніне 3-4 рет 4-6 тамшыдан қабылдау, тұз, аскорбин қышқылдарын қабылдау жатады.

 

12.1.3. Төменгі жақасты және тіласты сілекей бездерінің жедел іріңді қабынулары

Бұл ауру өте сирек кездеседі. Қабынудың себептері: сілекей тастары, жарақат алу, стоматит.

Клиникалық көрінісі.Науқас жұтынғанда, тамақтану кезінде ауыру сезімінің болуына, ауыз қуысының құрғақтығына шағымданады. Қарап тексергенде: бездің ұлғайғаны, тері қабаты жылжымалы, қатпарға жиналмалы, түсінің өзгермегені байқалады. Ауыз қуысын тексергенде ауыз түбінің шырышты қабаты ісініп, қызарған, шығару түтігі ісініп, кернелген және ауыру сезімі болады. Шығару түтігін сипап тексергенде сілекей тастары анықталуы мүмкін.

Безді сипап тексергенде шығару түтігімен ірің, фиброзды тығындықтар, қою сілекей бөлінеді.

Емдеу шараларыпаротиттегідей жүргізіледі.

Сілекей бездерінің созылмалы қабынуы. Жедел қабыну кезеңдерінің салдарынан созылмалы сиалоаденит дамиды. Оны үлкен екі топқа бөлуге болады: 1.Жалқықты кезеңдері басым созылмалы сиалоаденит-қабыну 2.Продуктивті кезеңдері басым сиалоаденит-қабыну.

Тәжірибеде-практикада қолайлы деп саналған А.В.Клементовтың сиалоадениттердің жіктеуі сілекей бездері қабынуларын паренхиматозды және интерстициалды деп бөледі.