Курс пререквизиттері мен постреквизиттері 4 страница

Жеке индивидтерді жеке адамдар деп атайды. Бұл ұғым Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қамтиды. Басым көпшілік жағдайда азаматтық – құқықтық қатынастардың субъектілері Қазақстан Республикасының азаматтары болады, сондықтан құқықтық нормаларда, әдетте, азаматтар жөнінде сөз болады.Егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.

Егер олардың заңды тұлға мәртебесі болса, адамдар құратын ұжымдық құрылымдар (ұйымдар) азаматтық құқық субъектілері болып танылады. Ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері азаматтық құқықтың субъектілері бола алмайды, өйткені олар заңды тұлғалар болып танылмайды (АК-ның 43-бабы ІІІ тармақшасы).

Меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіндік құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Қызметінің мақсаттарына қарай заңды тұлғалар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға бөлінеді. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс табуды көздейтін заңды тұлғалар коммерциялық ұйымдарға жатады. Коммерциялық емес ұйымдар табыс табудан өзге мақсаттар үшін құрылады. Мәселен, діни бірлестіктің негізгі мақсаты бірлесіп ғибадат ету және тиісті дінді тарату болып табылады. Заң актілерінде көзделген ұйымдық – құқықтық нысандарда ғана заңды тұлғалар құруға болады. Коммерциялық ұйымдар үшін мұндай нысандардың жеткілікті тізбесі Азаматтық кодексте берілген (34-бап).

Жеке және заңды тұлғалармен қатар, азаматтық –құқықтық қатынастардың қатысушылары мемлекет пен әкімшілік – аумақтық бөліністер(облыстар, аудандар, қалалар және т.б.) болуы мүмкін, бұлар азаматтық – құқықтық қатынастарда осы қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негіздерде әрекет етеді (АК-ның 111, 112-баптары). Мемлекет пен әкімшілік –аумақтық бөліністер заңды тұлғалар болып табылмайды, алайда заңды тұлғалардың азаматтық – құқықтық қатынастарға қатысуын анықтайтын нормалар бұларға да қолданылады (заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа реттерде). Яғни, жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар), заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы және әкімшілік – аумақтық бөліністер азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері бола алады.

Азаматтық – құқықтық қатынастардың объектілері. Құқықтық қатынастардың объектілері жөнінде заң әдебиеттерінде әр түрлі көзқарастар бар.Цивилистердің көпшілігі қуаттайтын пікір бойынша, құқықтық қатынастардың объектісі азаматтық-құқықтық қатынастардың да объектісі болады.

Азаматтық құқықтар объектілерінің негізгі түрлері АК-ның 115-бабында аталған, мұнда олар мүліктік және мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтарға бөлінеді.Мүліктік игіліктер мен құқықтарға, атап айтқанда,заттар, ақша,оның ішінде шетелдік валюта, бағалы қағаздар, жұмыстыр, көрсетілген қызмет, шығармашылық санаткерлік қызметтің объективтелген нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және өзге де дараландыру құралдары, мүліктік құқықтың өзі де жатады. Мүліктік емес өзіндік құқықтар мен игіліктерге адамның өмірі, денсаулығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделі, ізгі атағы, жеке өміріне қол сұғылмайтындығы, жеке және отбасылық құпиясы, есіміне құқығы,авторлық құқығы, шығармаларына қол сұғылмау құқығы және басқа материалдық емес игіліктері мен құқықтары жатады.

4. Азаматтық-құқықтық қатынастар ұғымынан бұл-құқыққа қабілетті адамдар арасындағы заң нормалары реттеген қатынас деген түсінік келіп шығады.Құқықтық қатынастар пайда болуы үшін нақты адамдар арасында нақты құқықтар мен міндеттер туғызатын нақты мән-жайлар қажет болады.

Азаматтық-құқықтық қатынастарды өзгерту немесе тоқтату үшін де осындай мән-жайлар қажет болады.Мұндай мән-жайларды заңдық фактілер деп атайды. Заңдық факті дегеніміз-заң құқықтық қатынастардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын онымен байланыстыратын мән-жай.

Заңдарды тыйым салынбаған өздерінің тікелей әрекеттерімен азаматтық – құқықтық қатынастарға түсе алады. Мысалы, қаржыландыруға қатысу туралы келісім заңда тікелей аталмаған, оған тыйым да салынбаған.Сондықтан бұл келісім азаматтық құқықтар мен міндеттер туғыза алады.

Құқықтық қатынастардың тууына себепші болатын ықпал ету тетігіне қарай заңдық фактілер мынадай топтарға бөлінуі мүмкін:құқықтық қатынастардың болашақ немесе осы сәттегі қатысушыларының іс-әрекеттер; үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері; оқиғалар.

Нақты жігерлі мінез-құлық актілерін іс-әрекеттер деп түсінеміз. Олар заңды немесе заңсыз іс-әрекеттер болуы мүмкін. Заңды іс-әрекеттер өзара құқықтық қатынастардың пайда болуына бағытталған. Бұлар-мәмілелер (АК-ның 147-бабы), оның ішінде-шарттар. 147-бап заңда тікелей көзделген мәмілелер (шарттар) туралы баяндайды.

Құқықтық нәтижеге жетуге тікелей бағытталмағанымен, заңдарда белгіленген ережелерге байланысты оны туғызатын іс-әрекеттер (мысалы, үй тұрғызу, кітап жазу, өнертабыстық жасау)орынды заңдық фактілер болуы мүмкін.

Үшінші тұлғалардың мақсатты іс-әрекеттері бойынша да құқықтық қатынастар тууы мүмкін. Әдетте бұл- әкімшілік акт (мысалы,меншік иесі-мемлекеттік мүлікті бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне беруі). Соттың құқық белгілейтін шешімдері де осындай актілерге жатады. Заңдық актілердің бұл түрінің ерекшелігі- олардың жігерлі іс-әрекеттері арқылы азаматтық-құқықтық қатынастар туатын үшінші тұлғалар олардың қатысушылары болып саналмайды.

Азаматтық-құқықтық қатынастарды туғызатын іс-әрекеттер заңсыз,яғни заңда тікелей тыйым салынған іс-әрекеттер болып шығуы да мүмкін. Мұнда, әдетте, іс-әрекеттер жасайтын субъектілер үшін ұнамсыз болғанымен, осыған қарамастан, оларға басқа тұлғалардың келтірген залалын ретке келтіру міндетін жүктейтін құқықтық қатынастар пайда болады. Мысалы, бөтен мүлікті бүлдіру, немесе оны заңсыз ұстап қалу.

АК-ның 7-бабы оқиғаларды, яғни қатысушылардың еркінен тыс пайда болатын мән-жайларды да заңдық фактілерге жатқызады. Мұнда, ең алдымен, табиғи фактілерді атау керек (адам өлімі, жанып кеткен сақтандырылған мүліктің құнын төлеу міндетін туғызатын найзағайдан өрт шығуы,табиғат апаттары және т.с.с.). Басқа адамдардың іс-әрекеттері құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін объективті оқиға болуы мүмкін(мысалы,бөгде адамның үйді қасақана өртеуі өрт қоюшының жәбәрленуші үй иесімен құқықтық қатынасы үшін заңсыз әрекет және үй иесінің сақтандыру компаниясымен құқықтық қатынасы үшін- оқиға болып табылады).

Заңдық фактілердің ерекше түрі- мерзімдер оқиғаларға жуықтайды.

Кейбір жағдайларда құқықтық нәтижеге жету үшін бірлі-жарым заңдық фактінің пайда болуы да жеткілікті. Мәселен, бөгде мүлікті бүлдіру кінәліге залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Басқаша жағдайларда, фактілердің белгілі бір жиынтығы болғанда ғана құқықтық нәтижеге қол жетеді.Мысалы, сатып алу-сату шартын жасасып,іс жүзінде затты беретін-бір мезгілде немесе бірінен соң бірі жасалатын екі әрекеттің нәтижесінде сатып алушыда сатып алатын затқа меншік құқығы пайда болады. Кейде үш, төрт, бес және одан да көп заңдық фактілердің жиынтығы бойынша ақырғы заңдық салдар туады. Қарастырылатын мұндай жиынтықты әдетте іс жүзіндегі немесе заңдық құрам деп атайды.

Заңдық күй деп аталатын жағдайды заңдық фактілердің ерекше санатына жатқызуға болады. Бір реттік актілерді жасамаудан емес, заң құқықтық маңыз беретін тұлғаның немесе заттың белгілі бір құқықтық немесе іс жүзіндегі қасиеттері болуынан байқалатын мән-жайларды заңдық күй деп түсіну керек. Мысалы, қайтыс болған адам мен жақын туыстық байланыс-мұрагерлік құқықтық қатынастардың пайда болуының негіздерінің бірі.

Заңдық күйдің заңдық факті ретінде маңызды ерекшелігі бар: ол құқықтық қатынастарды өз бетінше туғызбайды, өзгертпейді және тоқтатпайды, бұл мақсат тек басқа фактілердің қосымша пайда болуынан жүзеге асады. Демек, заңдық күй едәуір күрделі фактілік құрамның элементі бола алады.

Құқықтық қатынастарға қатысушылардың еркіне тәуелді болумен қатар, заңдық фактілер кейбір өзгеше белгілері бойынша белгілі бір топтарға бөлінуі мүмкін. Заңдық фактілердің құқықтық қатынастардың дамуына ықпал етуіне қарай оларды құқықты туғызатын, құқықты тоқтататын және құқықты өзгертетін фактілерге бөлуге болады. Мұның алғашқысы бұрын мұндай заңдық байланысы (шарт, зиян келтіру) болмаған адамдар арасында құқықтық қатынастардың тууына әкеп тірейді.Екіншісі (мерзімінің өтуі, шарттың бұзылуы)-заңдық қатынастардың тоқтатылуына әкеп соғады. Үшіншісі-қалыптасқан құқықтық қатынастардың мазмұнын өзгертуге себепші болады.

Заңды фактілер өздерінен кейін туатын құқықтық салдарға түрліше ықпал етеді. Көптеген жағдайларда мүмкін болатын құқықтық салдардың мазмұнын заң айқындап береді. Мысалы, зиян келтіру оны келтірушінің заңмен белгіленген залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Мұндай заңдық фактілерді құқықты бағыттаушы фактілер деп атайды.

Азаматтық құқықтың кейбір объектілерін және мәмілелердің кейбір түрлерін міндетті тіркеу секілді заңдық фактілер түрінің ерекше маңызы бар (АК-ның 118 бабы). Тіркеу өздігінен азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызбайды, өзгертпейді және тоқтатпайды, бірақ бұл олардың пайда болуын, өзгеруін, тоқтатылуын аяқтайды. Құқықтың өзі тіркеуге жетпей тұрып-ақ қорғауға мұқтаж болады, бірақ ол тіркелмейінше, мұндай құқықты иеліктен айыру мүмкін емес. Осыған дейін қажет болатын заңдық фактілердің барлығы жиналғанда,тіпті құқығын беруші адам оны тіркеуге қарсылық білдіретін жағдайдың өзінде де құқықты тіркеу оны иеленушінің бір жақты талап етуі бойынша жүргізілуі тиіс.

 

3- тақырып. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру және қорғау.

Жоспар:

1. Азаматтық құқықтарды жүзеге асырудың түсінігі.

2. Азаматтық құқықтарды қорғау ұғымы. Қорғау әдісі.

3. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау.

 

1. Құқықты қатынастарға қатысушылардың белгілі бір қажеттерін қанағаттандыру үшін азаматтық құқықтар мен міндеттер белгіленеді. Субъективтік құқықтың мазмұнын құрайтын әрекеттер жасауды құқықтарды жүзеге асыру деп түсінеді. Мысалы: билік ету өкілеттігі субъективтік меншік құқығының мазмұнын құрайды, ал аталған өкілеттікті әр түрлі мәмілелер (сату, сыйға тарту, айырбастау, жалға беру және т.б.) жасау жолымен жүзеге асыруға болады. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің азаматтық құқықтарын өз еркімен және өз мүддесін көздей отырып ие болып оларды жүзеге асыра алады. Адам заң актілерінде тиым салынған жағдайлардан басқа реттерде өзіне тиесілі құқықтардан бас тарта алады. Мысалы, сот арқылы қорғалу құқығынан бас тартуға жол берілмейді. Құқықтан бас тартқанда ол тоқтатылады, ал құқықты жүзеге асырудан бас тартқанда, заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа реттерде, құқық тоқтатылмайды.

Құқықты жүзеге асыру осымен бір мезгілде құқық берілген адамның міндеті бола алмайды, өйтпеген жағдайда құқық мәжбүрлі түрде жүзеге асырылған болар еді. Дегенмен құқықты жүзеге асырмау заң актілерінде көзделген жағдайда құқықтың тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін. (6 ай тұрмаса сот оны пайдалану құқынан айырады) Құқықты нақты жүзеге асыру әдістері оның түріне байланысты болады. Субъективтік құқық мүмкін болатын мінез-құлық өлшемі ретінде құқық берілген, адамның белгілі бір тәртіппен өз бетінше әрекет ету (өз әрекетіне құқығы) мүмкіндігі не міндетті адамнан белгілі бір әрекеттер жасауды талап ету (талап ету құқығы) мүмкіндігі болуы мүмкін. Құқық берілген адамның белгілі бір әрекеттер жасауы нәтижесінде субъективтік заттық құқық жүзеге асырылады. Заттық құқықты (өз әрекеттеріне өзге құқықты) жүзеге асыруда құқық субъектісінің мінез-құлық нұсқауларын таңдау еркіндігі мол болады. Мұндай жағдай да заң актілерінде тиым салынбаған кез келген әрекеттерді жасауға құқылы болады. Міндетті адамның белгілі бір әрекеттерді жасауы арқылы міндетті субъективтік құқық жүзеге асырылуы мүмкін.

Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру шегі – дегеніміз заң азаматтық құқық субъектілеріне өздерінің құқықтарын жүзеге асыру бостандығын бере отырып, осымен бірге оларды жүзеге асыруға белгілі бір талаптар қояды. (АК-ң 8 бабында) субъективтік азаматтық құқықтар құқықты жүзеге асыру құралдарына, әдістеріне, оның субъектілеріне, оны қорғаудың мүмкін болатын әдістері мен нысандарына қатысты заңдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтарды жүзеге асыру қоғамның ізгілік принциптерін бұзбауы тиіс, ал кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда, іскерлік әдеп ережелері сақталуға тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне тиесілі құқықтарын адал, парасатты әрі әділ жүзеге асыруға тиіс. Заң теріс пиғылда, қисынсыз не әділетсіз әрекеттердің бәріне бірдей сипатама бере алмайды.

Дегенмен кейбір жағдайларда заң азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың белгілі бір әрекеттерін теріс пиғылды әрекеттер деп таниды, ол теріс пиғылды әдепсіз, әрі әділетсіз әрекеттеріне шағымданған адам мұны дәлелдеуге тиіс.

Құқықты жүзеге асыру барысында басқа субъектілердің құқықтары және заңмен қорғалатын мүдделері бұзылмауға тиіс. Заң құқықты өзінің тікелей мақсатына қайшы бағытта жүзеге асыруға тыйым салады. Құқықтың мақсатын заң, құқықтың қатынастарға қатысушылардың келісімі белгілеуі мүмкін немесе ол субъективтік құқықтың мәнінен туындайды және көзделген нысана болып табылады. Құқықты жүзеге асыру қоршаған табиғи ортаға залал келтірмеуі тиіс. Басқа адамдарға зиян келтіруге тыйым салу құқықты жүзеге асыру жағдайларына да таралады.

Құқықты теріс пайдаланудың өзге де түрлеріне, атап айтқанда тауарлар және қызмет көрсету рыногында өзінің монополиялық жағдайын асыра пайдалануға да тыйым салынады. АК-ның 11- бабына сәйкес, заңды бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, негізсіз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған монополистік және қандай болса да басқа қызметке жол берілмейді. Құқықты теріс пайдалану оны бұзушылық болып табылады да, азаматтық құқықтық жауапкершілік туғызады.

Субъективтік міндеттерді атқару азаматтық құқықтарды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Тиісті мінез-құлық шарасы ретінде субъективтік міндет белгілі бір әрекеттер жасау немесе оларды жасамау міндеттерінен тұруы мүмкін. Заттық азаматтық-құқықтық қатынастарда міндетті субъект әлде бір әрекеттер жасамауға тиіс, оған құқық берілген адамның өз құқығын жүзеге асыруына кедергі жасамау міндеті жүктеледі. Мұндай міндетті атқару міндетті адамның енжар әрекет етуін көздейді. Міндеттемелік құқықтық қатынастарда, керісінше міндетті адам құқық берілген адамның пайдасына белгілі бір әрекеттер жасауға тиіс.

2. Өз әрекеттеріне құқықпен немесе талап ету құқығымен қатар, субъективтік құқықты қорғау құқығы кез-келген субъективтік құқық мазмұнының құрылымдық элементі болып табылады. Заңда көзделген, құқықтың қол сұғылмаушылығын қамтамасыз етуге, бұзылған құқықты қалпына келтіруге және құқықты бұзатын әрекеттердің жолын кесуге бағытталған шаралар жүйесін азаматтық құқықтарды қорғау деп түсінеміз.Азаматтық құқықтарды қорғау АК-ның 9- бабында көрсетілген мынадай әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейінгі болған жағдайды қалпына келтіру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупін туғызатын әрекеттерге тыйым салу; міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару, азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергі жасағаны үшін мемлекеттік органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндіртіп алу арқылы, сондай- ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдістер, және де залалдарды төленетін айыпты өндіртіп алу; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту арқылы көзделген өзге де әдістер бар.

Құқықтың нақты адамға тиесілігі жөнінде дау туатын жағдайда құқықты мойындату тікелей оны қорғауды қамтамасыз етеді. Кейбір жағдайларда құқық берілген субъект оның құқығын мойындауға мүдделі болады, өйткені оған осы құқықтың тиесілі екеніне күмән туып отырғанда, оны жүзеге асыра алмайды.

Құқық бұзылғанға дейін қолданылып келген ережені қалпына келтіру құқық қорғаудың кең таралған әдістерінің бірі болып табылады және ол құқықтық қатынастар субъектілерін құқық бұзылғанға дейін қолданылып келген жағдайда қайтаруды көздейді. Көрсетілген қорғану әдісі, атап айтқанда, ұрланған затты меншік иесіне қайтару кезінде қолданылады.

Құқық қорғау әдісі ретінде құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесу құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауіп төндіретін әрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салудан көрінеді.

Азаматтық құқықтың бұзылуы құқық берілген адамға материалдық залал келтіруі мүмкін, ол заң бойынша мұның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Ақшалай көрсетілетін зиян залал деп аталады. Құқығы бұзылған адам өзіне келтірген залалдың толық өтелуін талап етуге құқылы.

Залал мыналардан тұрады: 1) нақты зиян; 2) айырылып қалған пайда. Заң актілерінде немесе шартта көзделген жағдайларда залал ішінара көлемде өтелуі мүмкін.

Құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту арқылы да азаматтық құқықтарды қорғауға болады. Мысалы, тараптардың біреуі шартты едәуір бұзатын жағдайда екінші тарап шартты сот тәртібімен бұзуы мүмкін. (АК-ның 401 бабының 2- тармағы) бұл осындай шарттан туындаған міндеттемені тоқтатады.

Мемлекеттік басқару органдарының немесе жергілікті өкілді не атқарушы органдарының заңға сай келмейтін актілерін жарамсыз деп немесе қолдануға жатпайды деп тану азаматтық құқықтарды қорғаудың жаңа әдістері болып саналады. Оларды лауазымды адамның жеке дара немесе алқалы органның қабылдағанына қарамастан заң аталған органдарының нормативтік, сондай-ақ жеке актілерін жарамсыз деп немесе қолдануға жатпайды деп тану мүмкіндігіне жол береді.